Қылмыс 2025 жылдың маусым айында Құлсары қаласында болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сот мәліметінше, 7 жастағы қыз Құрсай өзенінің жағасында серуендеп жүргеннен кейін үйіне қайтып бара жатқан кезде адасып, мас күйдегі жергілікті тұрғынды кездестірген.
Бейтаныс ер адам баланы алдап, "үйіңе дейін апарып салам" деп өзімен бірге ертіп кеткен.
"Ол қызды алдап өзен жағасына апарып, баланың дәрменсіз күйін пайдаланып, күш қолданып зорлаған. Кейін істеген қылмысын жасыру мақсатында баланы ұрып-соғып, өзенге батырып жіберген", – делінген сотта айтылған сұмдық деректе.
Сот барысында куәгерлердің айғақтары, оқиға орнын қарау хаттамасы, бейнежазбалар мен сараптама қорытындылары күдіктінің кінәсін толық дәлелдеді.
Бір бейнежазбада ер адамның баланы өзімен бірге алып бара жатқаны анық көрінеді.
Нәтижесінде, сот оны кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесті.