Атырау облысында ата-аналар арызданып жатыр

1357

Олар туысының мәйітін сарайға жасырған мұғалімнің мектепке оралуына қарсы.  

Атырау облысында ата-аналар арызданып жатыр

Атырау облысы Махамбет ауданындағы қарт кісінің мәйітін ұзақ уақыт сарайында жасырып ұстаған мұғалімнің төңірегіндегі дау жалғасып жатыр. Енді ол жұмыс істейтін Таңдай ауылы Қаршыға Ахмедияров атындағы орта мектептің ата-аналары педагогтың мектепке қайтып келуіне қарсылық білдіріп, құзырлы мекемелерге арызданды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

          Естеріңізге сала кетсек, облыстық полиция департаменті қылмыстық істе "қылмыс құрамының болмауына", яғни қарияның өз ажалынан өлгеніне байланысты тоқтатқан болатын. Бұл жөнінде inbusiness.kz порталында жарияланды.

          Алайда, бұл туысының қайтыс болғанын жасырып, сарайына жерлеген әйел ақталды дегенді білдірмейді. Оған қатысты істі қазір прокуратура қарап жатыр, сол себепті күдікті әзірге жұмыс орнына оралмаған. Ал жайсыз жаңалықты естігенде төбелерінен жай түскендей болған екі жүздің үстіндегі ата-ана оның бұдан кейін мектепке келіп, сабақ беруіне қарсы болып, білім ошағының басшылығынан бастап облыстық білім беру басқармасы, прокуратура, "Нұр Отан" партиясы жергілікті филиалына дейін арыз жазған. Ата-аналар тіпті жауапқа тартылған ұстаз ақталып, қайтып келген жағдайда балаларын мектепке беруден бас тартатынын жазған.

          Кезінде белгілі күйші Қаршыға Ахмедияров білім алған, оның атын иемденген Таңдай орта мектебі 1930 жылы іргесін қалаған. Мектептің ескі ғимараты әлі де бар. Кейбір жылдардағы білім сапасының көрсеткіштері бойынша Таңдай мектебі жеті аудандағы мектептер бойынша екінші орын иеленеді.

"Биыл мектебімізге 90 жыл толып отыр. Бұл – тарихы тереңде жатқан мектеп. Аталған мұғалімге байланысты шешімді аудандық прокуратура қабылдайды. Дегенмен, осы жағдайдың өзі біздің беделімізге қаншалықты нұқсан келтіргенін мен айтпасам да білетін боларсыздар", - деп қысқа қайырды мектеп директоры Серік Қойбақов.

Белгілі болғандай, үстінен іс қозғалған педагог биология пәнінен сабақ береді. Еңбек өтілі – 36 жыл, оның ішінде, Таңдай орта мектебінде 1993 жылдан бастап жұмыс істеуде. Бұған дейін қызмет барысында ескерту, сөгіс сынды жазалау шараларын алып көрмеген.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу