Өткен жылы облысқа 62 отбасы, жалпы 100 адам қоныс аударған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, сәуір айына дейін көшіп келген 15 отбасының 47 мүшесі квотаға енгізіліп, мемлекеттік қолдау көрсетілген.
Этникалық қазақтардың басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Ресей және Түрікменстаннан келген. Олардың 99-ы Атырау қаласына, біреуі Құлсары қаласына орналасқан.
"Мемлекет тарапынан әр отбасыға көшуге арналған біржолғы субсидия беріліп, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызмет шығындары 12 айға дейін өтеледі. Сондай-ақ бірқатар отбасыға тұрғын үй құнының 50 пайызына дейін қаржылай көмек қарастырылған. Жыл қорытындысында бөлінген қаражат толық игерілді. Қазір 21 отбасыға коммуналдық төлемдердің қалған бөлігі төленуде", – деді Атырау облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығының басшысы Мереке Есқалиев.
Мамандардың айтуынша, қандас мәртебесін алған азаматтар өңірлік квотаға Migration.enbek.kz порталы, электрондық үкімет жүйесі немесе "Азаматтарға арналған үкімет" арқылы онлайн өтініш бере алады.