Атырау облысында ұлын алты жерден пышақтаған әке сот залынан бостандыққа шықты

181

Оқиға Томарлы ауылындағы үйлердің бірінде болған.  

Атырау облысында ұлын алты жерден пышақтаған әке сот залынан бостандыққа шықты Фото: belta.by

Атырау облысында өз ұлына алты рет пышақ салып, ауыр жарақаттаған 56 жастағы ер адамға шартты жаза тағайындалды, деп жазады inbusiness.kz сайты "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Сот материалдарына сәйкес, 11 сәуірде кешке әкесі мен баласы бірге ішімдік ішкен. Кейін екеуінің арасында жанжал туындаған. Тергеу нұсқасы бойынша, ұлы алғаш болып ұйықтап жатқан әкесіне шабуыл жасап, оны тұншықтырмақ болған. Әкесі қарсылық көрсетіп, асүйден пышақ алып, ұлына бірнеше рет соққы жасаған.

Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші іш тұсынан бір, арқасынан бес жерден пышақ жарақатын алған. Соның салдарынан бауыры, ішегі мен қабырғалары зақымданып, денсаулығына ауыр зиян келгені анықталған.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, оқиғадан кейін ұлымен татуласқанын айтып, өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады. Жәбірленуші де жанжалды өзі бастағанын растады және әкесіне жеңіл жаза тағайындауды өтінді.

Үкім шығару кезінде сот айыпталушының шын өкінетінін, тараптардың татуласқанын және жанжалдың туындауына жәбірленушінің заңға қайшы әрекеттері себеп болғанын ескерді. Нәтижесінде сот ер адамды 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырып, пробациялық бақылауға алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу