Атырау облысының әкімі орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдерді жұмысқа шақырды

887

Серік Шәпкеновтің сөзінше, өңірде орыс мектептерінде сабақ беретін мұғалім тапшы.  

Атырау облысының әкімі орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдерді жұмысқа шақырды Фото: ortcom.kz

Қазіргі таңда өңірде 11 үш ауысымды мектеп бар. Олардың дені орыс мектептері болып саналады. Білім ошақтарындағы басты мәселе – маман тапшылығы, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Мектептердің үш ауысымды болу себебі: орысша сабақ беретін мұғалімдер аз. Біз жыл сайын осы мамандықтар бойынша әкімдіктің грантын бөлеміз. Сол грант бойынша немесе қолдау көмектері арқылы мамандарды тартып отырмыз. Көп мектеп қазақша болғандықтан, орыс мектептері үш ауысымды болып отыр, – деді әкім Астанада өткен брифингте.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов орысша сабақ бергісі келетін мұғалімдерді өз өңіріне жұмыс істеуге шақырды.

– Осы сәтті пайдалана отырып орыс мектептерінде сабақ беремін және Атырауға келіп жұмыс істеймін деген мұғалімдер болса, шақырамын, – деді аймақ әкімі.

Биыл Атырау облысында 27 мектеп салынып жатыр. Оның ішінде 4 мектеп пайдалануға берілді, 9 мектептің құрылысы жыл аяғына дейін, қалған 14 мектептің құрылысы 2026 жылы аяқталады. Соңғы үш жылда үш ауысымдық мектеп екі есеге азайды.

Сонымен қатар NAZAR жобасы аясында қаладағы 64 мектепке 2,5 мың бейнебақылау камерасы орнатылды. Бұрын әдіскерлер жылына 1500 сабақ бағалай алса, бүгінде бұл көрсеткіш 5 100 сабаққа дейін ұлғайды, бұл білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу