banner

"Атырау Су Арнасы" сатылмай жатыр

1167

Мәселе – мекеменің миллардтаған қарызында.

"Атырау Су Арнасы" сатылмай жатыр

"Атырау Су Арнасы" мекемесін сенімді басқаруға алуға ниет білдірушілер табылмай отыр. Осымен үшінші рет белгіленген тендер желтоқсанның 9-ына белгіленген, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Қазіргі күні "Атырау Су Арнасы" КМК-ның 2021 жылдың 28 қазан күні жүзеге асқан бағалау 105 735 540 теңгеге белгіленген. Оның сатылатыны жөнінде мемлекеттік мүлік тізілімінің электронды сауда алаңына жарияланып, 23 қарашаға дейін тапсырыс қабылданды. Хабарламаға сәйкес, сенімді басқаруға алу мерзімі 48 ай құрайды. Кепілдік жарнасы – 15 860 331 теңге. 

"Бүгінгі таңда "Атырау Су Арнасы" бойынша екі мәрте тендер жарияланып, ниет білдіруші болмағандықтан өткізілмеді деп танылды. Үшінші тендерді 2021 жылғы 9 желтоқсанда өткізілу көзделіп отыр", – деп мәлімдеді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы.

Айта кетейік, "Атырау Су Арнасы" коммуналдық мекемесіне қызығушылық білдірген заңды тұлғалардың болмауы тосын жаңалық емес. Себебі облыстық арнайыланған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 6 ақпан күнгі шешімімен мекемеден мемлекет пайдасына 31 414 240 184 теңге өндірілуі тиіс. Оған облыстық экология департаментінің 2018 жылғы 31 маусым мен 10 тамыз аралығындағы мекемеге "экологиялық заңнамаларды сақтамады" деп таққан айыбы негіз болған. Сол кезде Жайық өзенінде төрт тоннадан артық балық қырылып, оған суға  хлор мен химикаттарды белгіленген мөлшерден артық көлемде жіберген "Атырау Су Арнасы" кінәлі деп табылған еді.

Ал 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қаланы сумен қамту және су жүргізу қызметімен жаңадан құрылған "Атырау облысы су арнасы" КМК айналыса бастады.

Алайда материалдық шығынды өтеуге оның қатысы жоқ деп танылды. Берешек бұрынғыша "Атырау Су арнасының" мойнында қалып тұр.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу