Науқас жансақтау бөлімшесінде 18 күн жатқан. Алайда дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Ата-анасы ота жасалғаннан кейін қызына не болғанын анықтауды сұрайды, деп жазады inbusiness.kz сайты "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Реаниматолог дәрігер қыздың жансақтау бөлімінде хаттамадағы ережеге сай ем алғанын, бірақ баланың жағдайы тек нашарлай бергенін алға тартты. Жансақтау бөлімінде қарқынды ем жүргізілгенін жеткізді. Ол мұрнындағы тампон уақытында алынғанын айтып отыр.
Қыздың ата-анасы бұл – дәрігерлердің салғырттығынан болды деп есептеп, отадан кейінгі алғашқы сағаттарда дәл не болғанын, балаға көмектің қаншалықты уақытылы көрсетілгенін және сол асқынған жағдайда қайғылы оқиғаның алдын алу мүмкін бе екенін анықтауды талап етіп отыр.
Редакция қайғылы жағдайға қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінен пікір сұрады.
Ведомство марқұмның жақындары мен туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтатынын айта келе, аталған жағдайды бақылауда ұстап отырғанын, қазір бұған қатысты арнайы комиссия құрылып жатқанын хабарлады.
"Аталған операция техникалық тұрғыдан күрделі әрі жоғары дәлдікті талап ететін хирургиялық араласулардың қатарына жатады. Мұндай операциялар барысында және операциядан кейінгі кезеңде медициналық тәжірибеде белгілі бір қауіптер мен асқынулардың туындау ықтималдығы жоққа шығарылмайды.
Операциядан кейін пациенттің жағдайы күрт нашарлауына байланысты медициналық ұйым тарапынан шұғыл және қарқынды емдеу шаралары толық көлемде жүргізілді. Сонымен қатар тиісті бейінді мамандар мен республикалық деңгейдегі сарапшылардың консультациялары ұйымдастырылды", – дейді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің өкілі.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта аталған оқиғаның барлық мән-жайы, көрсетілген медициналық көмектің уақтылығы мен сапасы, сондай-ақ туындаған асқынулардың себептері жан-жақты зерделенуде. Болған жайтқа шынайы қорытынды жасау мақсатында тиісті медициналық құжаттаманы тәуелсіз бейінді мамандардың қатысуымен қарау жоспарланып отыр.
"Тексеру және сараптама жұмыстары толық аяқталғанға дейін қандай да бір алдын ала қорытынды жасауға негіз жоқ.
Пациентке қатысты егжей-тегжейлі медициналық ақпарат дәрігерлік құпияны және дербес деректерді қорғау талаптарына сәйкес жария етілмейді", – дейді өкіл.
Марқұм қыз бала биыл 11 сыныпқа баруы тиіс болатын. Ол – отбасындағы тұңғыш бала.