Атырау облысының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен бірлесіп, колледж студенттеріне арналған көрсетілімді (ашық) сот процесін ұйымдастырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу. Сот отырысын тікелей көрсету арқылы жастарға құқықтық тәрбиені заманауи тәсілмен жеткізу.
Сот отырысында сотталушылар 10 адам, оның ішінде 1 кәмелетке толмаған, адамдар тобымен денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру және бұзақылық фактілері бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оларға үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу жазалары тағайындалды.
Облыс прокуратурасы барлық азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға, кез келген құқық бұзушылық көріністеріне нөлдік төзімділік танытуға шақырады.