Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов "Өркен" және "Нұрсая" ықшамаудандарында салынып жатқан жаңа емханалардың құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Екі нысан да типтік жоба бойынша бой көтеріп жатыр. Әр емхана бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады. Медициналық мекемелерде кеңес-диагностикалық блоктар, зертханалар, күндізгі стационар, профилактика және оңалту бөлімдері, компьютерлік томография және сәулелі диагностика кабинеттері қарастырылған.
"Өркен" ықшамауданындағы емхананың құрылысы шамамен 70 пайызға аяқталған. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін "Өркен", "Балауса" шағынаудандары мен Еркінқала ауылының тұрғындарына қызмет көрсетеді.
Ал "Нұрсая" ықшамауданындағы №5 емхананың дайындық деңгейі 90 пайызға жеткен. Медициналық мекеме "Нұрсая-3", "Самал" ықшамаудандары, "Жерұйық" ауданының бір бөлігі және оған іргелес аумақтардағы шамамен 30 мың тұрғынды қабылдайды.
Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, құрылыс жұмыстары басталғаннан кейін аумақта жерасты суларының деңгейі жоғары екені анықталған. Осыған байланысты екі нысанның да мерзімі өзгертіліп, жобалық шешімдер қайта қаралған. Құрылыс алаңдарын құрғату үшін инелі сүзгі технологиясы қолданылған.
Облыс әкімі нысандарды аралап, екі емхананың құрылысын биыл қазан айының соңына дейін аяқтауды тапсырды.
– Осы уақытқа дейін құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Пайдалануға берген бойда пациенттерді қабылдауға кірісу үшін осы бастан тиісті лицензияларды алып, рұқсат құжаттарын рәсімдей беру керек, – деп тапсырды Болат Ақшолақов.