Атырау 2040 жылға дейін қалай өзгереді: бас жоспар талқыланды

511

Қаланың қазіргі Бас жоспарын Үкімет 2016 жылы бекіткен.    

Атырау 2040 жылға дейін қалай өзгереді: бас жоспар талқыланды Фото: gov.kz

Оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу бағытындағы жұмыстар 2024 жылғы мамырдан бері жүргізіліп келеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен жиын өтіп, онда Атырау қаласының қолданыстағы Бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы қаралды.

Жиында "Қазгипроград" жобалау институты" ЖШС директоры Ілияс Темірбаевтың баяндамасы тыңдалды. Ол 2040 жылға дейін облыс орталығын дамытудың көлік және инженерлік инфрақұрылымды модернизациялау, халық санының одан әрі өсуіне жағдай жасау, аумақты кешенді дамыту сияқты стратегиялық бағыттарын таныстырды.

Оның айтуынша, бүгінде Атырау мен оның маңындағы елді мекендерде 431 мыңнан астам адам тұрады. 2040 жылға қарай халық саны 600 мыңға жетеді. Тұрғын үй құрылысы негізінен қаланың солтүстігінде жүргізілмек, ал Атыраудың жобалық аумағы 45 мыңнан 56 мың гектарға дейін кеңейеді.

– Қала құрамына ресми түрде қала маңында орналасқан сегіз елді мекен кіреді. Олар: Еркінқала, Тасқала, Жаңаталап, Қызыл балық, Құрманғазы, Амангелді, Дамбы және Бесікті. Бұған қоса, Бас жоспардың жобасында қала құрылысына қатысты шектеулерді сақтау қарастырылған. Сол себепті су басатын аймақтарда, санитарлық-қорғаныш зоналарында, электр желілері мен магистральдық мұнай құбырларын қорғау аймақтарындағы нысандар кезең-кезеңімен мемлекет мұқтажына алынып, бұзылуы тиіс, – деді Ілияс Темірбаев.

Бұдан бөлек, негізгі шектеулер ішінде әуежайдың қорғаныш аймақтары, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының санитарлық-қорғаныш зоналары мен зираттар бар. Жаңа зираттар қала сыртына орналастырылады. Бұған ауданы 105 гектар жер телімі белгіленді.

Болат Ақшолақов қаланы дамыту мәселесінде тасқын қаупін ескеру керегін баса айтты.

– Біз бұған дейін де тасқынның зардабымен бетпе-бет келдік, сондықтан кез келген жобалық шешімді қабылдаған кезде тұрғындардың қауіпсіздігін ескеруіміз тиіс. Жаңа Бас жоспар су басу аймақтарындағы және санитарлық-қорғаныш зоналарындағы құрылысқа жол бермеуі керек, – деді өңір басшысы.

Жаңа Бас жоспарда көлік инфрақұрылымын кең ауқымда дамыту көзделген. Магистральдық көшелердің ұзындығы 264,7 шақырымнан 695,1 шақырымға ұзарады.

Келесі жылы Солтүстік айналма жолдың құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Бұл транзиттік көліктердің тұрғын аудандарды айналып өтуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар 12 жолайрық салу қарастырылған.

Жиында жер телімдерін беру және оның инженерлік дайындығы мәселелеріне де баса назар аударылды. Облыс әкімі Болат Ақшолақов Бас жоспар бекітілгенше жобаланған және салынып жатқан автокөлік жолдарының, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдардың, сондай-ақ санитарлық-қорғаныш аумақтарының және басқа да айрықша қорғалатын аумақтар шегінде орналасқан жер телімдерін бөлуді уақытша тоқтата тұру жөнінде тапсырма берді.

Сонымен қатар облыс әкімі жобаны жасақтаушыларға ескертулер мен ұсыныстарды қаперге алып, құжатты пысықтауды жүктеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу