Атырауда этан мен пропан тасымалдайтын жаңа құбырдың құрылысы басталады

186

Атырау облысында этан мен пропанды тасымалдауға арналған магистраль құбыржолдарын салу бойынша EPC-келісімшарт жасалды.  

Атырауда этан мен пропан тасымалдайтын жаңа құбырдың құрылысы басталады  Фото: t.me/kmgpress

Келісімге "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының еншілес ұйымы – KMG PetroChem ЖШС және China Petroleum Pipeline Engineering Co., Ltd. (CPP), CITIC Construction Co., Ltd. пен "ЧППИ Қазақстан" ЖШС-нен құралған халықаралық консорциум қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

EPC-келісімшарт жобаны толық циклмен іске асыруды қамтиды: жобалау құжаттамасын әзірлеу, қажетті жабдықтарды сатып алу, құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстары, сондай-ақ нысанды пайдалануға беру.

"Жоба этан мен пропанды сұйытылған күйде қауіпсіз әрі үздіксіз тасымалдауға мүмкіндік беретін бірыңғай технологиялық тізбекті қалыптастыруға бағытталған", – делінген ресми хабарламада. 

Шикізат "Теңізшевройл" компаниясынан және Теңіз кен орнында салынып жатқан газ сепарациялау кешенінен жеткізіледі. Одан әрі этан мен пропан полиэтилен және полипропилен өндіретін газ-химия зауыттарына тасымалданады. Бұл құбыржолдары болашақ өндірістердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін негізгі инфрақұрылымға айналады.

Жоба Қазақстан үшін бірегей саналады. Елде алғаш рет ұзындығы әрқайсысы 210 шақырым болатын этан және пропан құбырлары бір техникалық дәлізде қатар салынады.

Келісімшарт шарттарына сәйкес, мердігерлер отандық өндірушілерді барынша тартуға және тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық қамту үлесін арттыруға міндетті.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2026 жылдың IV тоқсанында бастау, ал нысанды 2028 жылдың соңына қарай пайдалануға беру жоспарланған.

А Н Ы Қ Т А М А:

  • "KMG PetroChem" ЖШС – ҚМГ-ның 100% еншілес ұйымы және топ құрамында мұнай-газ химиясы жобаларын іске асырумен, үйлестірумен айналысады.
  • China Petroleum Pipeline Engineering Co., Ltd. (CPP) – мұнай мен газды сақтау және тасымалдау инфрақұрылымын салуға және пайдалануға маманданған ірі халықаралық инжинирингтік корпорация. Компания China National Petroleum Corporation (CNPC) құрамына кіреді. Оның Таяу Шығыс, Африка және Орталық Азияны қоса алғанда, әлемнің 50-ден астам елі мен аймағында жұмыс тәжірибесі бар.
  • CITIC Construction Co., Ltd. – 2002 жылы негізі қаланған ірі халықаралық инжинирингтік және құрылыс компаниясы. Ол Қытайдың ірі мемлекеттік қаржы корпорациясы – CITIC Group-тың еншілес құрылымы. Халықаралық құрылыс мердігерлерінің рейтингтерінде (ENR) көшбасшы орындарға ие.
  • "ЧППИ Қазақстан" ЖШС – инженерлік-техникалық жобалау саласында құзыреттілігі бар және Қазақстан Республикасының аумағында мамандандырылған құрылыс жұмыстарын жүргізуге қатысады.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу