Атырауда фельдшердің өліміне қатысты іс бойынша 19 адам сотқа тартылды

152

Жас фельдшердің қазасына қатысты іс соттың қорытынды кезеңіне жетті.  

Атырауда фельдшердің өліміне қатысты іс бойынша 19 адам сотқа тартылды Фото: astanatv.kz/Видеодан скриншот

Күдіктінің барлығы дерлік 20–25 жас аралығындағы жігіттер, деп жазады inbusiness.kz сайты "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Олардың арасында жұмыссыздар, зауыт жұмысшылары, жеке фирма қызметкерлері, тіпті заңгер де бар. Бұған дейін олардың ешқайсысы заң алдындағы жауапкершілікке тартылмаған.

Тергеу мәліметтері бойынша, 2025 жылғы 16 тамызда "Ляпиза" мейрамханасында той өтеді. Тойдағы қонақтар ойнап-күліп, демалып отырады. Сағат 22:30 шамасында екі жігіт бір-бірімен сөзге келіп қалып, арты төбелеске ұласқан. Екеуін де далаға шығарғанымен, төбелеске екі жақтың да достары қосылған. Олар жағдайдың ақ-қарасы шешілмей бір-бірімен жұдырықтасып кетеді.

Кейін "Жұмыскер" кентінің жігіттері өздерін қорлады деп санап, "беделді" қалпына келтіру үшін бейресми көшбасшы саналатын танысы Д.А.-ға хабарласқан. Осыдан кейін жай төбелес алдын ала дайындалған қарулы қақтығысқа айналған.

Бір-бірімен келісіп, мәселені шешу үшін кездесетін жерді белгілеп, қосымша адам жинай бастайды. Тергеу мәліметі бойынша осы жерде кейбірінде бұл мәселені күшпен жеңу мақсаты болған.  

Түнге қарай жағдай ушыға бастайды. "Жұмыскердің" жігіттері 16-ға жуық адам жинап, көліктеріне аңшылық мылтық, шолақ мылтық және қайта жасалған тапаншалар салып алған. Бұл қарулар кейін белгілі болғандай заңсыз сақталып, тасымалданған.

Түн ортасында екі топ "Химпоселок" ауданындағы Менделеев көшесінің маңындағы бос алаңда кездескен. Атыс түн ортасында басталған. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үрейленіп, бір пәле болғанын сезген. Соған қарағанда, қару қолданған жігіттер айналадағы адамдарға қауіп төндіруі мүмкін екенін тіпті ойламаған.

Қарсы тарап бірінші болып оқ атқан соң, Д.А. да өз тобына оқ атуға бұйрық берген. Осыдан кейін кәдімгі атыс басталған.

Осы атыс кезінде жедел жәрдем қызметінің 23 жастағы фельдшері Азамат Асылбековтің кеудесіне оқ тиіп, ол оқиға орнында көз жұмды. Қылмыс жасалғаннан кейін күдіктілер қаруды жасырып, іздерін суытуға тырысқан.

Іс бойынша бір адам тапаншаны тығып, қылмысты жасыруға көмектескені үшін жеке айыпталып жатыр.

Айыпталушылардың бірқатарына адамдар тобымен кісі өлтіру, енді біріне бұзақылық, тағы біріне қаруды заңсыз сақтау және тасымалдау айыптары тағылып отыр. Тағы бірі ұйымдастырушы, бірі орындаушы, біреу "жәй қолдағаны үшін" тергелуде.

Қазір күдіктілердің бір бөлігі тергеу изоляторында (СИЗО), қалғаны үй қамағында отыр. Іс Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу