Атырауда инновациялық жобалар байқауы қорытындыланды

1070

Атырауда екі күнге созылған "Atyrau youth hackathon" экология, IT және медиа саласындағы жобалар конкурсы қорытындыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Атырауда инновациялық жобалар байқауы қорытындыланды

Жас новаторлар сарапшыларға 30 жоба ұсынды. Қазылар алқасының шешімімен жобалардың ішінен 9 жұмыс үздік деп танылды. Ерекше жоба авторларының бірі 24 жасар Әсем Иманғалиева. Ол күкірттен қалдықсыз​ цемент өндіру тәсілін ұсынды.

"Жобам аясында үш жыл іздендім. Зерттеулер барысында АМӨЗ күкіртін, мазут және кварц топырағын пайдаландым. Біріншіден, күкіртті сақтау қоршаған ортаға экологиялық тұрғыда зардап алып келеді. Оның нәтижесінде адамдардағы созылмалы аурулар күшейеді. Екіншіден, АМӨЗ Қытайға күкіртті өте арзан бағаға экспорттап отыр. Осы ретте маған қалдықтарды құрылыс материалын жасау арқылы қайта қолдану туралы идея келді. Осы идеяны жүзеге асыру үшін, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің зертханасында қауіпті эксперименттер жасадым. Барлық зерттеулерім сәтті болды. Толыққанды өнім алу үшін, бұл жобаны әлі де жетілдіру керек", – дейді Әсем Иманғалиева.

Ерекше идеясы үшін Әсем Иманғалиева инновациялық жобалар конкурсында бірінші орын алды.

"Конкурсқа 76 өтінім келіп түсті. Үздіктерді таңдап алу оңайға түскен жоқ. Қатысушылардың жобаларын бағалауда Атырау аймағында шын мәнінде іске асыруға болатын жобаларға басымдық берілді", – дейді Ораторлық өнер мектебінің жетекшісі Нұрлан Азаматов.

Конкурс қорытындысымен Әсем Иманғалиева, "Атырау-Білім", "Quic pro" командалары жеңімпаз деп танылды. Оларға 300 мың теңгенің сертификаты тапсырылды. Екінші орын және 200 мың теңгенің сертификаты Назерке Арманқызы мен Алтынай Серікбайға және "Есту аппараты" командасына берілді.

Үшінші орын және 100 мың теңге сертификатын Жанель Мырзатаева, Наруалитхан Хайруллин мен "Bir jol" командасы иеленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу