Атырауда қасқыр аулау науқаны ашық

1548

Бір аңшы үш қасқыр мен үш шибөрі атып ала алады.  

 Атырауда қасқыр аулау науқаны ашық

Атырау облысында қасқыр мен шибөрі аулауға рұқсат беріле бастады. Биыл квота бойынша ауланатын қасқыр саны азайып, керісінше, шибөрі саны көбейтілген, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Аталған жануарларды аулауға лицензия берумен 2018 жылдан бері Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы айналысады. Бұған дейін бұл құзырет облыстық аңшылар мен балық аулаушылар қоғамына тиесілі болып, кейін жыртқыштар "аңшылыққа жатпайтын түр" деген категорияға енгізілген.

"Қасқыр мен шибөрі аулауға 20 қаңтардан бастап лицензия беріледі. Биыл биологиялық негіздеме қорытындысына сәйкес, облыс бойынша 1 073 қасқыр мен 1 471 шибөрі атуға лимит мақұлданды", – дейді аталған мекеменің бас маманы Нұрлан Иманғалиев.

Салыстыру үшін айтсақ, былтыр 1 789 қасқыр, 1 438 шибөрі атуға рұқсат етіліпті. Лицензия алу үшін жасы 18-ге толған азамат белгілі бір талаптар аясында электронды түрде өтініш бере алады, бір адам заң аясында үш қасқыр мен үш шибөрі атып ала алады.

Бұл шара мал-жанға қауіп төндіретін түз жыртқышын ауыздықтауға көмектеседі дегенмен, бөріні баудай қырып тастаумен келіспейтін аңшылар да бар. "Қансонар" аңшылар қоғамдық бірлестігі мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығының Атырау филиалының жетекшісі Александр Ивасенко қасқырлардың жыл санап азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді.

Оның айтуынша, соңғы жылдары елдегі мал басының, сонымен қатар, қасқырдың жемі саналатын киіктердің азайып кетуімен байланысты "дала санитары" онсыз да сиреп барады. Тіпті, кейбір аумақтарда, атап айтқанда, Құрманғазы ауданы Азғыр полигоны, Жылыой ауданы Желтау тауы маңында "ит-құстың" мүлдем жоғы анықталған.

"Қасқыр экологиялық тепе-теңдікті сақтап тұратындықтан оның қатты азайып немесе жойылып кетуіне жол беруге болмайды. Ол үшін облыстық аңшылар қоғамының базасынан соған маманданған аңшылар бригадасын құрып, қасқыр атуға рұқсат беру кезінде осы бригада мүшелеріне басымдық беру, қасқыр аулағанда квадроцикл сынды құралдарды пайдалануға және бөлтіріктерді апанда өлтіруге тиым салу және басқа да осындай шараларды қолдану керек", – деген ұсыныстарымен бөліседі А. Ивасенко.

Десек те, тәжірибелі аңшының алаңдауына негіз жоқ сияқты. Себебі аумақтық инспекциядан білгеніміздей, соңғы жылдары қасқыр мен шибөрі аулауға бөлінген квоталар толықтай игерілмей келеді.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу