Атырау облысы Құлсары қаласында қатарластарын балтамен қуалаған оқушыға қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Соттың шешімімен бала үйқамаққа алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқушының кәмелет жасқа толмауына, өңірдегі криминалдық ахуалға және жасөспірімнің ата-анасының сұрауы бойынша 15 жастағы жасөспірім үйқамаққа жіберілген. Оған тек мектеп пен медициналық ұйымдарға баруына рұқсат етілді. Мұндай шектеу тергеу амалдары аяқталғанға дейін жалғаспақ. Оқушы бүгін сабаққа қатысқан.
"Оқиға салдарынан екі бала жеңіл жарақат алды. Полицейлер балтаға ұқсас затты таба алмады. Осы жағдайға байланысты Білім беру басқармасы, Полиция департаменті мен облыстық прокуратура өкілдерімен бірлескен тексеріс жүргізілді. Бірқатар кемшілік анықталып, оларды жою жұмысы жүріп жатыр. Осы жағдайға қатысы барлық оқушылар есепке алынды. Балалармен тәрбие жұмысы ұйымдастырылып жатыр", – деді басқарма басшысы Марат Әбуов.