Атырауда есірткілік мас күйде көлік басқарып, психотропты дәрі сақтаған көпбалалы шетелдік әйел ел аумағынан шығарылды, деп жазады inbusiness.kz Атырау облысы Полиция Департаментіне сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, 1992 жылы туған әйелдің қол сөмкесінен әртүрлі 34 дана психотроптық дәрі-дәрмек анықталды. Өзбекстан азаматшасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, іс-құжаттар әкімшілік сотқа жолданды. Сонымен қатар полицейлер 30 жастағы шетелдік азаматша мен оның 6 баласының құжатсыз жүргенін анықтады.
30 жастағы келіншек Атырауға 2013 жылы келіп, жеке басын анықтайтын құжаттарын жоғалтып алған.
"Оның 2015 ж.т., 2017 ж.т., 2019 ж.т., 2020 ж.т., 2021 ж.т, 2022 ж.т. балаларының да құжаты болмаған. Атырау қалалық полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері Атырау қалалық перзентханасынан кәмелетке толмаған алты балаға туу туралы анықтама алып, Өзбекстан Республикасының Елшілігіне аталған азаматшаны еліне қайтару үшін берілетін куәлікті алып беруге ықпал етіп, тиісті заңды көмек көрсетті. Атырау қаласы бойынша әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен 30 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматшасы алты баласымен ҚР аумағынан тысқары шығарылды", - делінген хабарламада.