Атырау облысында мұнай өнімдерінің заңсыз экспортына жол бермеу және ішкі нарықты жанар-жағармаймен тұрақты қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жедел басқарма басшысының міндетін атқарушы Артур Хайрутдиновтың айтуынша, мұнай өнімдерін заңсыз басқа елге шығару негізгі мәселе болып отыр. Заң бұзушылар мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаудың жаңа айла-тәсілдерін жиі қолданады. Олардың қатарында жанар-жағармайды басқа жүк түрі ретінде көрсету, автокөліктің жанармай багын қолдан жасау немесе көлемін үлкейту фактілері бар.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында жанар-жағармайды канистрлерде, бөшкелерде және зауытта жасалмаған басқа да ыдыстарда тасымалдауға қатаң тыйым салынғанын да ескертті Хайрутдинов.
"Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеуге байланысты өндіріс көлемі уақытша азайды. Бұл өз кезегінде жауапты органдардың профилактиканы күшейтуін талап етті", – деді Артур Хайрутдинов.
Жиын барысында тұрғындар мен кәсіпкерлердің мүддесін қорғау мақсатында мұнай өнімдерінің заңсыз айналымының жолын кесу, жауапты органдардың жұмысын үйлестіру және өңірдегі жанар-жағармай қорының күнделікті есебін жүргізетін ведомствоаралық жұмыс тобын құру ұсынылды.
Қайрат Нұртаев кенес соңында өңірді жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету және оның заңсыз шекара асырылуына жол бермеу мәселесі ерекше бақылауда екенін атап өтті.
Сонымен қатар ол Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеуден соң қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Оның айтуынша, жанар-жағармай тұрақты жеткізіліп отыр.
Облыс әкімнің орынбасары өңірдің ішкі нарығында жанар-жағармай тапшылығын болдырмау және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымының алдын алу мақсатында жанар-жағармай жеткізуші ұйымдарға, мұнай базаларының басшыларына және уәкілетті мемлекеттік органдарға бақылауды күшейтіп, анықталған ықтимал жағдайлар бойынша жедел әрекет етуді тапсырды.