Атырауда өткен жылы бейнекамералар арқылы 27 қылмыс ашылған

798

Атырауда өткен жылы  бейнекамералар арқылы 27 қылмыс ашылған

Бүгін облыстық әкімдікте Атырау облыстық ІІД басшысы Аян Дүйсембаев қоғамдық кеңес пен облыс активі алдында өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді, - деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Күн тәртібіне бейнебақылау жүйесін кеңейту мәселесі қойылды. Қазір облыста 758 бейнебақылау камерасы бар, оның 329-ы жөндеуде, 11-і жол бойында орналасқан. Құқық қорғау органдары 10 ақпанға дейін барлық камералар жұмыс істейтініне сендірді.

2017 жылы бейнекамералар арқылы 27 қылмыс ашылып, 16 072 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Жалпы өткен жылы 142 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелді, оның 106 мыңы жолда жүру ережесін бұзумен байланысты.

"Жалпы алғанда 1 млрд 267 млн теңге айыппұл салынды, оның 782 миллионы төленді. Жергілікті бюджеттің құқықтық тәртіпті қадағалау органдарын жабдықтауға бағытталған қаражаты қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмсалып жатыр",- деді ІІД басшысы Аян Дүйсембаев.

Облыстық ІІД жаңа шағын аудандарға, қала маңындағы селолық округтерге тағы да қосымша 1410 камера орнату бойынша жоба дайындады. Әкімдік бұл жобаны қаржыландыру мәселесін қарастырып жатыр.

"Жақында "бұлтты" технологияларды қолданатын бейнекамералар орнатуды бастаймыз, ауқымды жұмыс жүреді, - деді Нұрлан Ноғаев. – Біздің алдымызда камераларды стратегиялық маңызды мемлекеттік органдарға, адамдар көп жиналатын жерлерге қондыру міндеті тұр. Құқық қорғау органдары ойын-сауық орындарында ішкі істер органдарының жедел әрекет ету орталығына шығатын камералар қондыру жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізулері керек".

Облыс әкімі аймақтағы қылмыстық ахуалды жақсартуға қатысты құқық қорғау органдары басшыларына нақты тапсырмалар берді.

"Атырау мен Құлсары қалаларының тұрғындары үшін тағы бір мәселе -  көңіл көтеретін орындар мен тәулік бойы істейтін дүкендердің жұмысы болып отыр. Адамдар түнгі уақытта шу мен қоғамдық тәртіптің бұзылуына көп шағым жасайды, - деп атап өтті аймақ басшысы. – Өкінішке қарай, бұл орындардың иесі өз міндеттеріне немқұрайлы қарайды және жақын маңда орналасқан үйлердің тұрғындарының талаптары мен ескертулеріне мән бермейді. Мен әріптестеріме, құқық қорғау органдарының басшыларына осы жайтқа баса назар аударуды тапсырамын".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу