Атырауда тіркелмеген шетелдік автокөліктер анықталып жатыр

2616

Олар ұрланған немесе бұғатта тұрған болуы мүмкін.

Атырауда тіркелмеген шетелдік автокөліктер анықталып жатыр

Атырау облысында өзге мемлекеттен әкелінгенмен ол елдің тіркеуінде жоқ көліктер анықталуда. Олардың ішінде көрші мемлекетке тиесілі тіркеу нөмірі болса да, шын мәнінде ол жақта тіркелмеген көліктер жеткілікті, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.  

Өңірде жыл басынан бері өзге мемлекеттердің тіркеуінде тұрған автокөліктерді басқарған жүргізушілердің кінәсінен 62 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 17 адам қаза болып, 75 адам дене жарақаттарын алған. 2021 жылдың 10 айында шетелдік автокөліктермен жол жүру ережесін бұзған 4 096 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталған.

"Көрші елдің тіркеу нөмірі болса да, ол жақта тіркеуде тұрмаған көліктер де аз емес. Ал ондай автомобильдерді тіркеуге қойғаннан кейін ғана пайдалануға болады. Оның ішінде шетелдік көліктер ұрланған немесе бұғатта тұруы мүмкін. Ондай автокөліктер тәркіленіп, иесіне қайтарылады", – деп түсіндіреді облыстық полиция департаментінен.

Қазірдің өзінде Қазақстан аумағында жалған тіркеу нөмірі мен құжаты бар жүзден астам ресейлік автокөлік анықталыпты. Бұны сатып алған адам көлік Ресейде тіркеуде тұр деп ойлайды. Егер ол сенімхатпен немесе сақтандыру полисі негізінде сатылса, иесі көлік салығын төлеймін деп кез келген уақытта одан бас тартады. Ал қазақстандық жүргізуші жол апатына түссе, сақтандыру төлемін ала алмайды. Сол себепті шетел автокөлігін сатып алуға ниеттенген адам жергілікті полиция қызметі арқылы ол жайлы мағлұматтарды тексеріп алуға тиіс.

Айта кетейік, Ресей Федерациясында тіркелмеген көлік құралдары қазір еліміз бойынша тексеріліп жатыр. Мемлекеттік тіркеуде жоқ автокөліктер айыппұл тұрағына қамалады. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу