Атырауда тоқ соққан электромонтердің құжаты өзгеріп кеткен

2454

Жәбірленушінің әкесі оны қолмен түзеткен деп отыр.

Атырауда тоқ соққан электромонтердің құжаты өзгеріп кеткен

Атырауда былтырғы 28 қараша күні жоғары қуатты тоқ соққан электромонтер Сағындық Қуандыққа қатысты сот отырысы өтті. Оқиға Бірлік ауылында болған еді. "АтырауНефтеМаш" ЖШС өндірістік базасына ел аузында "піл" деп аталатын өте үлкен көлемдегі жүк тасымалданып жатқан. Электр қуаты өшірілмеген желіден байқаусызда тоқ соғып, электромонтер сол жерде есінен танып қалған, кейін оған 3-4 деңгейдегі күйік диагнозы қойылды.

Сот жәбірленушінің арызы негізінде кінәлі адамдардың қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істі тоқтатты. Зардап шегушіге 2 млн.теңге моральдық және материалдық зиянды өтеу жөнінде шешім шығарылды. 

Алайда қылмыстық істің хикаясы мұнымен бітпек емес. Сағындықтың әкесі Қуандық Ағашиннің прокуратураға жазған арызы бойынша қазір қайтадан тергеу амалдары жүргізілмек. Оның айтуынша, баласы қандай қорғаныш жабдықтарын берді, сонымен жұмыс істеген. Мәселен, қолында резеңке немесе диэлектрлік емес, мата қолғап болыпты. Сол сияқты оны шеберлер "сымның бойында тоқ жоқ" деп сендіріп, жоғарыға көтерілуге тапсырма берген. Бұл учаскеде тоқ қуаты 6000 вольт екен. Ал Сағындыққа разряды бойынша қуаты 1000 вольтқа дейінгі электр қондырғыларында жұмыс істеуге ғана рұқсат беріледі. Алайда оның ауруханада жатқанда алып кеткен жұмыс киімінің қалтасында болған құжаты кенеттен өзгеріп кетеді. 

"Ондағы "1000 вольтқа дейінгі" деген жазуды қолдан "1000 вольттан жоғары" деп өзгерткен", – дейді Қ.Ағашин. 

Қазір Сағындық – екінші топ мүгедегі, екі қолы бірдей жансызданған. Ота жасау үшін оның әрқайсысына 1 млн.теңге қажет. Ал құжаттарды қолдан жасау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу шарасы жүргізілуде, ол үшін сот-қолжазба сараптамасы тағайындалған. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу