Атырауда еліміздегі ең ірі полиэтилен өндіретін жаңа зауыт салынбақ

95

Аймақта "Жергілікті құндылық, ортақ даму" атты форум өтті.  

Атырауда еліміздегі ең ірі полиэтилен өндіретін жаңа зауыт салынбақ Фото: atr.kz

Шара еліміздегі ең ірі жобалардың бірі – жылына 1,25 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысына арналды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Форумға 500-ден астам қазақстандық компания қатысты. Сондай-ақ, Атырау облысы әкімдігі, Энергетика министрлігі, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ, инвесторлар және салалық қауымдастықтардың өкілдері болды.

Шараны "Силлено" ЖШС мен халықаралық серіктестер – Tecnimont (MAIRE) және Sinopec Shanghai Engineering Corporation (SSEC) ұйымдастырды.

Қатысушыларға зауыт құрылысының қазіргі мәртебесі және алдағы сатып алу жоспарлары таныстырылды.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің айтуынша, 2025-2029 жылдары өңірде құны 7 трлн теңге болатын 40 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады. Оның жартысынан астамы – отандық компаниялардың үлесінде.

"ҚазМұнайГаз" басшысы Асхат Хасенов мұнай-газ химиясының ел үшін стратегиялық басымдық екенін атап өтті. Оның сөзінше, компания шикізат экспортынан терең өңдеуге көшуге ерекше мән береді.

Форум аясында "Силлено" компаниясы "IMB Центр" қауымдастығына мүшелікке қабылданды. Бұл отандық өндірушілермен әріптестікті нығайтады.

Зауытты жобалауға қазақстандық жобалау институттары – "Қазгипронефтетранс", "Промстройпроект" және "Қарағанды Промстройпроект институты" тартылады. Жергілікті инженерлер осылайша жоғары технологиялы жобада тәжірибе жинайды.

Сонымен қатар италиялық Tecnimont қазақстандық жастарға арналған білім беру бағдарламасын бастайтынын жариялады. Бағдарлама аясында инженерлер 4 жылдық оқудан өтеді.

Үздіктері халықаралық жобаларға, соның ішінде Атыраудағы зауытқа жұмысқа қабылданады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу