Атырауда жоғалған азаматтың денесі Жайық өзенінен табылды

132

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, марқұмның денесі жеке заттары анықталған аумақтан шамамен 100 метр қашықтықта, өзеннің екі метр тереңдігінен шығарылған.   

Атырауда жоғалған азаматтың денесі Жайық өзенінен табылды Фото: бейнежазбадан

Атырау облысында із-түзсіз жоғалған 59 жастағы ер адамның денесі 19 күннен кейін Жайық өзенінен табылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кейін мәйіт полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында құтқарушылар өзен жағалауын, су түбін және ықтимал бағыттарды жан-жақты тексерген. Бұл мақсатта сүңгу жұмыстары жүргізіліп, су асты дроны мен ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылды. Алайда іздеу жұмыстары бастапқы кезеңде нәтиже бермеген.

ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қолайсыз гидрологиялық жағдай, су асты ағысының қаттылығы, көріну деңгейінің төмендігі және өзен түбінің күрделілігі құтқару шараларын едәуір қиындатқан.

– Барлық жұмыстар қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізілді. Құтқарушылар қолда бар техникалық мүмкіндіктердің барлығын толық пайдаланды, – делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, полиция қызметкерлері, Ұлттық ұланның № 5546 әскери бөлімінің сарбаздары мен еріктілер жұмылдырылды. Барлығы 25-тен астам адам, 9 бірлік техника, 1 жүзу құралы, 2 кинологиялық есептоп, су асты дроны және ұшқышсыз ұшу аппараты тартылған.

Еске салайық, Мақат ауданының тұрғыны Талғат Назаров 9 қаңтар күні шамамен сағат 13:30-да Атырау қаласына ем алуға келіп, Көкарна ауылындағы қызының үйінен шығып кеткеннен кейін хабар-ошарсыз қалған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу