Атырауда жол-көлік оқиғалары азайған

1060

Есесіне интернет алаяқтық күрт көбейіпті.

 Атырауда жол-көлік оқиғалары азайған

Атырау облысында жыл басынан бері бейнекамера көмегімен екі жүзге жуық қылмыс анықталған. Ал "Сергек" құрылғысы арқылы 9 млн теңдей өндірілген. Аймақтағы қоғамдық қауіпсіздік, жол ережелерінің сақталуы, криминогендік ахуал мәселелері құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында ортаға салынды. 

Белгілі болғандай, облыста жыл басынан бергі 9 ай ішінде 759 сыртқы бақылау камералары арқылы 186 қылмыс ашылған. Қала бойынша бүгінде 1224 камера автокөлік жолдарының 153 желілік учаскелеріне және 51 реттелетін көше қиылысына орнатылыпты.

Сондай-ақ "Сергек" аппараттық-бағдарламалық кешені 10 қыркүйекте ғана іске қосылғанына қарамастан жол бойындағы 6006 құқық бұзушылықты анықтаған. Қазіргі күні ол арқылы 42 млн.теңгеден астам айыппұл салынып, 8 млн.590 мың теңге өндіріліпті.  

Өкінішке қарай, жол-көлік оқиғалары әлі де жиі кездеседі. Полиция департаментінің мәліметінше, 2020 жыл басынан бері облыстық маңызы бар автокөлік жолдарында 15 жол-көлік оқиғасы болып,  соның салдарынан 5 адам қаза тауып, 12 адам түрлі дене жарақатын алған. Ал Атырау қаласы аумағында былтыр 136, биылғы тоғыз айда 87 жол-көлік оқиғасы тіркелген. 

"Биыл пандемия салдарынан, сондай-ақ жолдарды кеңейту, жарықтандыру, бағдаршамдар орнату жұмыстарының арқасында жол-көлік оқиғалары азайды", – деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Сонымен бірге интернет арқылы жасалатын қылмыс түрінің күрт өскені байқалған. Қазіргі күні интернет алаяқтық барлық тіркелген қылмыстық оқиғалардың төрттен бірін құрап отыр екен. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу