Атырауда жұмыссыздар 90 мыңның жалақысына еңбек еткісі келмейді

1126

Атырауда жұмыссыздар 90 мыңның жалақысына еңбек еткісі келмейді

Атырау облысы жастарының арасында бүгінде 2193 адам жұмыссыз.

Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі туралы облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысында айтылды. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Шпановтың айтуынша, жұмыссыздардың бірін жалақының мөлшері қанағаттандырмаса, бірі мұнай кен орындарында жалақысы жоғары лауазымдарда еңбек еткенді қалайды. Табысы 80-90 мың болатын жұмыстардан бас тартып отыр, деп хабарлады atpress.kz.

"Жұмысқа алынған кезде өздерін көрсете алмай енжарлық танытатын, немесе жұмысқа алар алдында тестке шақырылған кезде әр түрлі сылтаулармен келмей қалған жастар да кездеседі. Мысалы 2016 жылы жұмыс берушілерден 21 мыңның үстінде жұмыс орындары туралы мәлімет түсті. Олардың 60 пайызы жастар үшін қарастырылды. "Сенімді құрылыс", "Синопэк" мекемелеріне тестке шақырылған 814 адамның ішінен 263 келмей қалса, 197-сі телефонға жауап бермеді", – дейді Еркін Шпанов. 

Оның айтуынша, атыраулық кәсіпкерлер жұмысшы мамандығына тартуға адам таба алмай жатады. Құрылыс саласына да жастардың бармауына байланысты жұмыс берушілер қазір еңбек мигранттарын әкелуге мәжбүр болып отыр. Жастарымыз еңбек өтілінің, тәжірибесінің жоқтығына қарамастан "қара жұмыстан" гөрі кеңседе отыратын немесе мол табысты мұнай-газ компанияларында еңбек еткенді қалайды.  

Дегенмен, республикада жастар арасындағы жұмыссыздықтың жалпы деңгейі 3,9 пайыз болса, Атырауда бұл көрсеткіш 0,7 пайызды құрап отыр. Яғни, жастарды жұмыспен қамту бойынша Атырау облысы алдыңғы орында. Жыл қорытындысымен жұмыспен қамту орталығына хабарласқан 8400 жастың 5660 жұмыспен қамтылған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу