Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Атырау облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі бірқатар экологиялық нысанды аралап, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министр Мұнай инженерлері қоғамының SPE CTCE 2026 халықаралық Каспий техникалық конференциясы мен көрмесіне қатысып, экологиялық жауапкершіліктің мұнай-газ саласының ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігі үшін маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Каспий теңізінің экожүйесін сақтау және өндірістің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
"Биылғы конференцияның "Ресурстық әлеуетті ашу: жауапты басқару арқылы құндылықты барынша арттыру" тақырыбы қазіргі энергетика саласының маңызды міндетін айқындайды. Бұл табиғи ресурстарды тиімді игеруді, энергетикалық қауіпсіздік пен экономикалық дамуды қамтамасыз ете отырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды көздейді", – деп атап өтті министр.
Іс-шара мұнай-газ саласының, ғылыми және инженерлік қоғамдастықтың өкілдерін біріктірді. Конференцияны С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті ұйымдастырды. Жұмыс сапары кезінде ведомство басшысы Атырау қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жұмысымен танысты. 2026 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша облыста 66 полигон бар. Алайда олардың тек 6%-ы ғана белгіленген талаптарға сәйкес келеді.
Министрге қалдықтарды жинау, сұрыптау және кәдеге жарату бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Сонымен қатар Атырау қаласында жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу мәселесі талқыланды. Жобаны өңірді дамытудың кешенді жоспары аясында жүзеге асыру көзделген.
Әлібек Қуантыров "Тухлая балка" булану алаңын жою жұмыстарының барысын да көрді. Бұл нысан Атыраудағы негізгі экологиялық проблемалардың бірі саналады. Күкіртсутектің жиналуына байланысты аумақтан қалаға жағымсыз иіс тарайды.
Булану алаңының жалпы ауданы 1 336,2 гектарды құрайды. Оның 860 гектарында "Атырау мұнай өңдеу зауыты" жерді рекультивациялау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қалған 476 гектар аумақтағы жұмыстарды қала әкімдігі аяқтаған.
"TAZALYQ" жобасы аясында зауыт №1 және №2 секторларды рекультивациялауды аяқтаған. Ал №3 және №4 секторлардағы жұмыстарды аяқтау үшін ағынды суларды қабылдайтын, геомембраналық жабыны бар жаңа булану тоғанын салу жоспарланған. Оның аумағы 500 гектар болады.
Бұдан бөлек, Атыраудың оң жағалауындағы "Квадрат" ағынды су булану тоғанын тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.
Министр NCOC компаниясының "Болашақ" зауытының қызметімен де танысты.
Айта кетейік, соңғы жылдары Атырау атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары қалалардың қатарында қалып отыр. Қаладағы негізгі мәселелердің бірі – күкіртсутекпен ластану. Негізгі ластану көздеріне АНПЗ, "Атырау облысы Су Арнасы" КМК кәріз нысандары, "Квадрат" булану алаңы, жылыту қазандықтары мен жылу электр орталығы жатады.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша министр Экология департаментіне жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Оның ішінде атмосфераға тарайтын зиянды заттардың көлемін азайту, экологиялық инфрақұрылымды жаңғырту және мемлекеттік бақылауды күшейту міндеттері бар.