Қазіргі таңда қызыл жалын толық оқшауланған. Төтенше жағдайлар қызметкерлері бықсып жатқан жерлерге су шашып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Ақжайық" резерватының аумағына тәулік бойы кезекшілік қойылып, оқиға басында жедел штаб жұмыс істеуде. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін 100-ден астам адам мен 30 шақты техника жұмылдырылған.
Өрттің шығу ошағы батпақты, қамысты болуына байланысты МИ-8 тікұшағы тартылды. Әуе кемесі 7 күн ішінде әуеге 66 рет көтеріліп, 200 тонна су төкті. Жалынды толық сөндіру үшін Маңғыстаудан тағы бір тікұшақ көмекке жіберіліп отыр.
Сондай-ақ минералды жолақ жүргізуге қосымша 10 ауыл шаруашылығы техникасы кіріскен. Ал өрттің шығу себебін анықтау үшін қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру басталды. Себебі, бақылау жүйелері өшірілген болуы мүмкін деген болжам айтылды.
2024 жылдың өзінде ұлттық резерваттың күзеті мен өрт қауіпсіздігіне шамамен 530 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражатқа үш тұрақты бақылау мұнарасы, ангарлық типтегі екі өрт сөндіру кешені (ЛПС), қар мен батпаққа арналған көлік, сондай-ақ өрт сөндіруге арналған жабдықтары бар екі тіркеме сатып алынған.
Мониторинг жүйесіндегі ақаудың нақты себебі әзірге белгісіз. Ресми органдар – бұл техникалық ақау ма, әлде әдейі жасалған әрекет пе – деген мәселеге әзірге түсініктеме берген жоқ.
Атырау облыстық ТЖД хабарлауынша, желдің күшеюіне байланысты қамыс бықсып жатыр. "Қазгидрометтен" күнделікті желдің ауысуы, жылдамдығы бойынша ақпарат жіберіледі. Соған сай жоспар құрылады.