Атыраудағы ковид-такси алпыстан аса адамға қызмет көрсетті

547

Соның арқасында жедел жәрдем шақыртушылар саны азайды.

 Атыраудағы ковид-такси алпыстан аса адамға қызмет көрсетті

Атырауда ковид-такси жұмысы іске қосылғаны жөнінде бұған дейін жазған болатынбыз. Шілде айының 14-інен бастап қызмет көрсете бастаған ковид-такси қазір алпыстан аса тұрғынға қызмет көрсетті. Айта кетейік, бұл көлікте тек жүргізуші мен фельдшер маманы ғана болады, қазіргі күні Атырау мен Құлсары қаласында жеті бригада жұмыс істеп тұр.

"Ковид-таксилер барлық  қажетті медициналық құрылғылармен қамтамасыз етілген.  Сондай-ақ, жүргізушілер де  қорғаныш киімдерін  қалай пайдаланып, науқасқа қандай көмек көрсету керектігін біледі. Қажеттілік туындаған мезетте олар фельдшерге жәрдемдесе алады", – деп түсіндірді облыстық жедел жәрдем қызметі стансасы директорының міндетін атқарушы Наргиз Баймолдаева.

Ковид-такси бригадасы түнгі ауысыммен жұмыс істейді, тұрғындар бұл қызмет түріне кешкі сағат 17:00-ден таңғы 09:00-ге дейін жүгіне алады

"Қажеттілік туындаған жағдайда, ковид-такси бригадасының саны ұлғайып,  тәулік бойына қызмет етеді. Дегенмен, қазіргі уақытта күндізгі бригаданың өзі жұмысты атқарып жатқандықтан, оған негіз жоқ. Көрсетілген әр қызметтен кейін көліктер міндетті түрде тазартылып, өңделеді", – деп түсіндіреді Наргиз Баймолдаева.

Ковид-такси науқастарға ем тағайындау парағын толтырмайды. Шұғыл ауруханаға жатқызу керек азаматтар болса, оны ауруханаға жатқызу үшін жедел жәрдем бригадалары шақырылады. Ал, аталған қызмет түрін облыстық Денсаулық сақтау басқармасы қаржыландыруда. Ковид-такси бригадасының  қызметі ақысыз түрде жүзеге асады.

Сондай-ақ, бұған дейін Атырау облысында 36 тәжірбиелі дәрігерден құралған  call-орталық ашылған болатын.  Мұнда мамандар тәулігіне 24 сағат коронавирустың жеңіл түріне және вирустық инфекцияларға шалдыққан науқастарға үйден емделуге қатысты онлайн кеңес береді. Осындай тиімді жұмыстардың нәтижесінде жедел жәрдем шақыртушылар саны 1300-ден 900-ге дейін азайып отыр.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу