Атыраулық балықшылар сот шешіміне наразы

773

Оларға әрі айыппұл салып, әрі бас бостандығынан айырған.  

Атыраулық балықшылар сот шешіміне наразы

Атыраулық балықшылардың отбасылары сот шешіміне наразылық білдіруде. Мәселенің мәнісі, былтыр 8 қыркүйек күні Дамбы ауылында тұратын Нұрлан Қалиев пен Сабыржан Мұсаев 18 келі бекіре балығымен ұсталған. Оларға №2 қалалық сот үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы мен 56 млн.теңге айыппұл жазасын тағайындайды. Алайда, кейін табиғат қорғау прокуратурасы шартты жазаны бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыру жөнінде апелляциялық шағым берген. Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бұл өтінішті қанағаттандырады да, жігіттерді сот залынан түрмеге алып кетеді.

Белгілі болғандай, Қалиев пен Мұсаев бұрын сотты болмаған және екеуі де көпбалалы отбасының жалғыз асыраушысы. Олардың біреуі – төрт, екіншісі – бес баланың әкесі. Алғашқы сот үкімі шыққанда осы жайлар жазаны жеңілдететін факторлар ретінде ескерілген. Олар тұрақты жұмысқа тұрып, айыппұлдарын төлемек болған кезде қайтадан сотталып кетеді. 

"Мен үйде бала-шағаға қарап, жұмыссыз отырмын. Жолдасының әйелі де үйде отыр. Олардың бұрынғы жазасын қалдырса, шартты түрде жұмыс істей жүріп, айыппұлдарын өтер еді, ал мынадай жағдайда миллиондаған қаражатты біз қалай төлемекпіз?", - дейді Мұсаевтың жолдасы Альфия Жакенова.

Бұған дейін де браконьерлік жасап сот алдына барғандар болғанмен, заң бұзғандар бұлайша екі бірдей қатаң жазаға тартылып көрмеген. Оларды әрі түрмеге жауып, әрі үлкен көлемде айыппұл төлетудің қонымсыз екенін алға тартқан адвокаттары еліміздің Жоғарғы сотына шағымданбақ.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу