Атыраулық ерлі-зайыптыларды өлтірген күйеу баласы болуы мүмкін

Күдіктінің қылмысты жалғыз өзі немесе сыбайластарымен бірге жасағаны әлі нақтыланбай отыр. 

Атыраулық ерлі-зайыптыларды өлтірген күйеу баласы болуы мүмкін Фото: arasha.kz

Қаскөй 2 адамды өлтіріп, қылмыстың ізін жасыруға тырысқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап.

Атырау облысы, Жангелдин ауылында жоғалып кеткен отбасының екі мүшесін өлтірді деген күдікке 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев ілінді. Ол – қаза тапқан Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның күйеу баласы. 

Тергеу нұсқасында күдікті ерлі-зайыптыларды өлтіріп, қылмыс ізін барынша жасырған. Бұған дейін отандық БАҚ-та марқұмдардың денесі шаруашылық қорадан табылғаны жазылды. Денелер қора ішінде қазылған тереңдігі 1,5 метрлік шұңқырдан табылды. Үстіне линолеум төселіп, диван қойылған және ғимараттың кілтпен жабылғаны белгілі болды. 

Құқық қорғау органдары "Сұлтан Сәрсемалиев елден қашып кеткен болуы мүмкін" деп хабарлайды. Қаскөйдің телефоны әуелгіде Өзбекстан аумағында сигнал берсе, кейін Малайзия арқылы Индонезияға өтіп кеткен. Қазіргі уақытта оған іздеу салынған. 

Тергеу барысында күдіктінің анасынан жауап алынғанымен, ол ұлы мен келінінің қайда екені туралы ешқандай мәлімет айта алмаған. Істегі жұмбақ жағдайдың бірі марқұмдардың үлкен қызы әрі күдіктінің әйелі Ақбаянның тағдыры болып тұр. Ол қазірге дейін хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу