Атыраулық сарбаздың сүйегі туған жеріне жерленді

1132

Атыраулық сарбаздың сүйегі туған жеріне жерленді

75 жыл бұрын екінші дүниежүзілік соғыста Төменгі Новгородта қаза тапқан Құспанғали Боранбаевтың сүйегі туған жері Атырау облысы Құрманғазы ауданына жерленді.

Құспанғали Боранбаев 1941 жылы 19 жасында майданға аттанған, Парфинск ауданындағы Төменгі Новгородта болған шайқаста ерлікпен қаза тапты. Өткен жылы осы ауданда іздестіру тобы 489 жауынгердің сүйегін тапқан, солардың арасында атыраулық сарбаз да бар. Батыр сүйегін жерлеу рәсіміне Құспанғали Боранбаевтың ағайындары, ардагерлер, жастар, іздеу тобы мүшелері қатысты.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев соғыс кезінде хабарсыз кеткен жауынгердің сүйегін елге жеткізу жұмыстары қалай жүргенін айтты.

-Біздің бүгінгі ашық аспанымыз үшін жанын қиған батырымызды туған жер топырағына табыстап отырмыз. Құспанғали ағаның тағдыры туралы хабар жеткен бойда облыстық архивтерден ағайын-туыстары жайлы деректер іздедік. Көршілес Астрахан облысындағы архивтерге хабарластық. Бірақ ешқандай мәлімет шықпады, - дейді Нұрлан Ноғаев. -Жыл бойы ресейлік әріптестермен келіссөздер жүргіздік. Сарбаз сүйегін туыстарының барын растайтын құжат болған кезде ғана беруге келісті.

Жыл бойы жүз том архив материалдары қаралды, бірақ іздеу жұмыстары нәтижесіз болды. Облыс басшылығы ресейліктерден Құспанғали Боранбаевтың сүйегін туған жеріне жерлеуге келісім алды.

-Барлық мәселелер шешіліп, сүйекті Атырауға әкелуге келісім алынған кезде Құспанғали Боранбаевтың туыстары табылды деген хабар келді. Мұның бәрі соғысқа қатысқан батырларға деген құрметті көрсетеді. Ұрпақтарының арқасында Құспанғали ағаның рухы туған топырағымен қауышты,-деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Құспанғали Боранбаевтың туыстарын іздеуге Құрманғазы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев көп жұмыс істеді.

-Біздің ауданнан соғысқа 7480 жауынгер аттанды, соның жартысына жуығы майдан даласынан оралмады,-дейді Орынғали Құмарғалиев. -76 жылдан кейін сүйегі табылып, туған топырағымен табысқан Құспанғали Боранбаевтың тағдыры көп кездеспейтін жағдай. Әр адам туған жерінде мәңгілік тыныс табуды армандайды. Құспанғали ағаның осы арманы орындалды.

Ризашылық сөздерін Құспанғали Боранбаевтың туыстары да айтады. Соның ішінде Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова атындағы және Ресейдегі Ярослав облысы Рыбинск қаласындағы "За Отвагу" іздестіру топтарының мүшелері көп еңбек сіңірді. Олар сарбаздың медальоны мен аты-жөні ойылып жазылған қасығын тапқан. 
Жауынгер сүйегін жеткізу процесі қиындық келтірмеді. Қазақстанның Ресейдегі елшілігі, Санкт-Петербург пен Астрахандағы бас консулдығы қолдау көрсетті. Солардың септігімен соғыста қаза тапқан жауынгер сүйегі ұшақпен алдымен Астанаға, сосын Атырауға жеткізілді.

Көпшілікке соғыс 1945 жылы біткен болып көрінері анық. Бірақ майданнан оралмаған мыңдаған сарбаз бен олардың туыстары үшін шайқас алаңында қалған сүйектердің туған топырақпен қауышқан кезінде ғана аяқталады. Жерлесіміз Құспанғали Боранбаев үшін соғыс 2018 жылы тәмамдалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу