Атыраулықтар тағы тұншықты

1171

Мониторинг ауада күкірттің мөлшері көбейіп кеткенін анықтады.

Атыраулықтар тағы тұншықты

Бүгін Атырауды тағы жағымсыз иіс жайлады. Қала тұрғындарының шағымы бойынша ауа құрамына мониторинг жүргізген облыстық экология департаменті оның шығу себебін анықтады, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Айта кетейік, құзырлы  мекеме ауаның ластану деректерін анықтау жұмысын "Қазгидромет" РМК АОФ мамандарымен бірлесе атқарып, ол үшін "Квадрат" булану алаңының санитарлық қорғау аймағындағы ауадан сынама алды. 

"Сынама нәтижесі көрсеткендей күкіртсутегінің нақты көрсеткіші 0,059 мг/м3 (ШЖК 0,008 мг/м3 кезінде) құрады, яғни рұқсат етілген шекті шоғырлану нормасынан (ПДК) шамамен 7-8 есе артық екені анықталды. Сонымен қатар, Загородный, Акимат, Жилгородок, Перетаска бекеттерінде ауадан күкіртісутек ингредиенті рұқсат етілген шекті шоғырлану нормасынан (ПДК) шамамен 19 есе артық көрсетті. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Атырау қаласында атмосфералық ауаның күкіртсутегімен ластануы бойынша жинақталған құжаттар санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органына жолданады", - деп хабарлады облыстық экология департаментінің баспасөз хатшысы Аслан Жеңісұлы. 

Аталған ұйымдар қазіргі кезде ауа сапасын тексеруді жалғастырып жатыр. Ол үшін шаһардың басқа тұстарынан сынамалар алынуда. Мониторинг нәтижесі бойынша алдағы күндері арнайы брифинг ұйымдастырылып, қорытынды мәліметтер жария етілмек. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу