Ғимараттың қасбетіне кондиционер орнату үшін пәтер және тұрғын емес үй-жай иелерінің келісімі мен тиісті хаттама қажет., деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мәліметінше, "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 42-бабындағы 1-тармаққа сәйкес тұрғындар үйді басқару нысандарының бір түрін таңдауға міндетті. Мәселен, мүлік иелерінің бірлестігі; егер пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің саны отыздан аспаса, көппәтерлі тұрғын үйдің жай серіктестігі (жай серіктестік); егер пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің саны он алтыдан аспаса, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иелерінің тікелей бірлесіп басқаруы.
Заң бойынша басқару нысандарының басқа түрлері көзделмеген.
Сондай-ақ, "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 2-бабының 14-тармағы бойынша үйлердің қасбеттері ортақ мүлік болып саналады. Сол себепті қасбетке ауа баптағыш орнату мүлік иесінің жеке мәселесі бола алмайды.
Келісім керек пе?
Осы заңдағы 40-баптың 3-тармағы бойынша "пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды қайта жабдықтау және (немесе) қайта жоспарлау кезінде, егер өзгерістер:
- тіреуіш және (немесе) қоршау конструкцияларын;
- үйге ортақ инженерлік жүйелерді;
- кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін;
- пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың функционалдық мақсатын қозғайтын жағдайларда, пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің жалпы санының кемінде үштен екісінің міндетті жазбаша келісімі талап етілетіні" көрсетілген.
Сондай-ақ, комитет өкілдері қайта жабдықтау немесе қайта жоспарлау туралы шешімді тұрғындардың жалпы жиналысы қабылдайтынын еске салды. Жиналыс бетпе-бет немесе жазбаша түрде өтуі мүмкін. Хаттамада міндетті түрде қандай мәселе бойынша дауыс берілгені көрсетілуі тиіс.
Демек, үйдің ортақ мүлкіне қатысты шешімдер, мәселен, ғимараттың сыртына кондиционер орнату – мүлік иелерінің бірлестігі жиналысында қабылданып, хаттамамен рәсімделуі керек.
Сондықтан да, ғимараттың қасбетіне кондиционер орнату үшін пәтер және тұрғын емес үй-жай иелерінің келісімі мен тиісті хаттама қажет.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 505-бабына сәйкес 2025 жылғы мамырға айыппұлдардың келесі мөлшері қолданылады:
- Жеке тұлғалар үшін – 20 АЕК (78 640 теңге);
- Шағын бизнес және үкіметтік емес ұйымдар – 30 АЕК (117 960 теңге);
- Орташа бизнес – 40 АЕК (157 280 теңге);
- Ірі бизнес – 100 АЕК (393 200 теңге).