Ауа райына байланысты Қордай асуында тағы да жол жабық

211

Қауіпсіздік мақсатында уақытша шектеу 3 күнге созылмақ.    

Ауа райына байланысты Қордай асуында тағы да жол жабық Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Шектеу 2026 жылғы 11 ақпан күні сағат 15:00-ден бастап енгізіліп, 11-13 ақпан аралығында үш күн мерзімге созылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Еліміздің оңтүстік өңірінде қалыптасқан күрделі метеорологиялық жағдайға байланысты Тараз – Алматы республикалық маңызы бар автомобиль жолының Қордай асуы учаскесінде қоғамдық және жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу қойылып отыр.

Аталған аумақта қардың мол түсуі, боран және көріну деңгейінің күрт төмендеуі жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Қордай асуы қыс мезгілінде күрделі учаскелердің бірі саналады. Жер бедерінің ерекшелігі, ұзаққа созылатын көтерілулер мен еңістер, екпінді жел мен қар үйінділері қозғалысты қиындатып, жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін арттырады.

"Қазіргі уақытта бұл бағытта "Қорғас", "Достық", "Қалжат" өткізу пункттерінен, сондай-ақ Алматы қаласынан шыққан жүк автокөліктері қозғалыс жасауда. Уәкілетті органдар жалғасқан қозғалыс жабық учаске маңында көліктердің шоғырлануына, арнайы техниканың жұмысына кедергі келтіруге және көп шақырымдық кептелістердің қалыптасуына әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Бұдан бөлек, тайғақ жол мен шектеулі көріну жағдайында жол-көлік оқиғалары санының арту қаупі жоғары", – деп хабарлады "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы жол төсемін қардан тазалау, көктайғаққа қарсы материалдар себу және қозғалысты кезең-кезеңімен қалпына келтіру бағытында жұмыстарды жүргізіп жатыр. Болжам бойынша, қолайсыз ауа райы алдағы 2 тәулік бойы сақталуы ықтимал.

Қосымша мәліметті тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығы арқылы алуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу