Аудит нәтижелері ғылымды басқаруда бірқатар жүйелі проблеманың сақталып отырғанын көрсетті – Әлихан Смайылов

259

Құрылтайдың жалпы отырысы өтті.

Аудит нәтижелері ғылымды басқаруда бірқатар жүйелі проблеманың сақталып отырғанын көрсетті – Әлихан Смайылов Фото: Үкімет

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Құрылтай отырысында ғылым саласындағы мемлекеттік аудит қорытындыларын таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"2025 жылы жүргізілген аудиттің қорытындысы бойынша, Үкіметке 8 ұсыным, ал аудит объектілеріне 88 тапсырма берілді. Бүгінде оның жартысынан астамы орындалды. Мысалы, Ғылым қоры арқылы тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді гранттық қаржыландыру заңнамалық түрде қарастырылды. Министрліктің ғылыми зерттеулерге арналған сатып алу қағидаларын бекіту жөніндегі құзыреті бекітілді. Аккредиттеу және ғылыми сараптама рәсімдері, сондай-ақ апелляцияларды қарау тәртібі реттелді. Ғылыми нәтижелерді енгізуді растаудың бірыңғай нысаны және коммерцияландыру жобалары бойынша жоспарлы сату көрсеткіштерін айқындау әдістемесі бекітілді. Сонымен бірге, өкінішке қарай, 2026 жылғы аудит нәтижелері қабылданған шараларға қарамастан ғылымды басқаруда бірқатар жүйелі проблеманың сақталып отырғанын көрсетті", – деді Әлихан Смайылов.

Бірінші, қаржыландыру көлемі ұлғайғанымен тиісті технологиялық нәтижелер салыстырмалы түрде көрініс таппай отыр. 2022-2025 жылдары ғылымға жұмсалған қаражат 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өсті. Алайда ғылымның экономикадағы үлесі  төмен болып, жалпы ішкі өнімге шаққанда 1%-тің орнына нақты 0,16%-ті құрады, деп атап өтті ЖАП төрағасы.

"Қаржыландыру негізінен бюджеттен қамтамасыз етіледі. Оның үлесі 55%-тен 82%-ке дейін ұлғайды. Бұл ғылымның мемлекетке тәуелді екенін және бизнес тарапынан сұраныстың жеткіліксіздігін көрсетеді. Сонымен бірге тәжрибелі конструкторлық әзірлемелердің үлесі 13%-тен 5%-ке дейін төмендеді. Екінші. Ғылым аясында тұрақты даму саясаты қамтамасыз етілмеген. 2021-2025 жылдары ғылым саласында 4 бағдарламалық құжат қолданыста болды. Оның үшеуі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Сонымен қатар жекелеген нысаналы көрсеткіштер жеңілдетілген. 

Мысалы, ғылыми зерттеулерге және тәжірибелі конструкторлық жұмыстарға бағытталған шығындардың көлемі ЖІӨ-ге шаққанда 2%-тен 0,5%-ке дейін, зерттеушілер санының өсуі 50%-дан 7%-ға дейін, ал жеке тұлғалардың бірлесіп қаржыландыру үлесі 50%-дан 32%-ға дейін төмендетілген.  Сараптамалық талдау да шешімдер қабылдау кезінде міндетті түрде ескерілмейді. Ғылым жөніндегі ұлттық баяндама іс жүзінде тоқтатылған. Ал Ғылым академиясының материалдарын және форсайттық зерттеулерді міндетті түрде қарау және іске асыру тетігі жоқ", – деп атап өтті ол.

Үшіншіден, басымдықтар мен ғылыми техникалық тапсырмалар ғылыми тапсырыстардың нақтылығын қамтамасыз етпейді. 

"Басымдықтардың мәні – міндеттерді нақты іріктеу. Өйткені мемлекеттің оларға жұмсайтын ресурстары шектеулі. 2025-2027 жылдарға арналған 7 басымдық пен 153 арнайы мамандандырылған бағыт бекітілген. Мұндай тізім басымдық идеясын бұрмалап, кез келген зерттеуді басымдықтар қатарына жатқызуға мүмкіндік береді. Ғылыми-техникалық тапсырма түпкілікті нәтижені, тексеру параметрлерін және енгізу тетіктерін қамтитын нақты басқару тапсырмасы болуы керек. Алайда тапсырмалар бірқатар жағдайда нәтижесі мен оны тексеру өлшемшарттары жеткілікті нақтыланбай, жалпылама түрде қалыптастырылады. Салалық министрліктердің осы мәселелердегі рөлі төмен деңгейде болып отыр.  Олар нақты салалық проблемаларды әрдайым айқындай бермейді. Қолданбалы нәтижені және оны пайдалану тетігін белгілемейді. Нәтижесінде ғылыми-техникалық тапсырмалардың едәуір бөлігі расталған салалық сұраныссыз қалыптастырылады. 2023-2025 жылдары бекітілген 393 тапсырманың 67 млрд теңге қаражат қарастырылған 149-ы орындалмаған", – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу