Аудиттік тексерулердің тәсілі өзгерді

710

Бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі артады.

Аудиттік тексерулердің тәсілі өзгерді

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары-қаржы министрі Әлихан Смайылов бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік аудитті одан әрі дамыту жөнінде баяндама жасады.

Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының сертификатталған қызметкерлері 2017 жылдан бастап мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қабылдаған жаңа стандарттар бойынша мемлекеттік аудитті толыққанды іске асыруға кіріскен.

"Барлық мемлекеттік және атқарушы органдарда 54 ішкі аудит қызметі құрылды және Мемлекеттік аудит пен тәуекелдер жөніндегі кеңестер 79 рет өткізілді. Барлық мәселелер бойынша жүргізілетін кешенді тексеру нақты операцияларды дәлме-дәл тексерумен алмастырылды. Сонымен қатар, қаржылық есептілік аудит шоғырландырылған қаржылық есептіліктегі бұрмалаушылықтарды уақтылы жоюға және болдырмауға бағытталған. Мұны өткен жылы 1 триллион теңгеге жасалған ескертулер растайды. Тексерулерді қашықтан жүргізу әдістерін енгізу және дамыту аудит объектілерінің құқықтық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтты. Сатып алу кезінде анықталған заң бұзудың үлесі 19%-дан 2%-ға дейін төмендеді", – деді Әлихан Смайлов.

Қаржы министрінің сөзінше, қазіргі аудиттік тексерулердің тәсілі өзгерген. Ереже бұзулардың жіктелуі ірі және шағын ауытқуларды дұрыс анықтауға мүмкіндік береді. 2015 жылдан бастап мемлекеттік аудиторлар анықтаған қаржылық заң бұзулардың көлемі 4 есеге азайып, 1,9 трлн теңгеден 478 млрд теңгеге дейін төмендеген.

"Қазір заң бұзушылықтар жалпы түрдегі қаржылық және санына сәйкес есептеу жүргізілетін процедуралық болып бөлінеді. Өткен жылы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті 245 млрд теңге көлемінде қаржылық тәртіп бұзушылықтарды анықтады, бұл жалпы заң бұзушылықтың 39%-ын құрайды. Талдау көрсеткендей, заң бұзушылықтардың негізгі көлемі бухгалтерлік есеп жүргізу тәртібін (77%), басқа да күнделікті шығындарды жоспарлауда және пайдалануда бюджет қаражатын асыра пайдалану (12%) және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқарумен (4%) байланысты", - деді.

Премьер-министрінің бірінші орынбасары-қаржы министрі бұл мәселелерді жүйелі түрде шешудің жолы барлық негізгі процестерді мемлекеттік сатып алулардағы тәрізді автоматтандыруда деп есептейді. Оның айтуынша, автоматтандыру себебінен адам факторы әсер етпейді және ақпараттық жүйелерге аудит жүргізу саласын одан әрі жетілдіруге оң әсерін береді.

Нұржан Көшкін

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу