Әуекомпаниялар жолаушыларды рейс мәртебесінің өзгеруі туралы хабардар етуге міндеттеледі

526

Азаматтық авиация саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізіледі. Оған сәйкес, қаржылық қиындықтарға тап болған әуежайларға қолдау көрсетіледі.  

Әуекомпаниялар жолаушыларды рейс мәртебесінің өзгеруі туралы хабардар етуге міндеттеледі Фото: Cabar School - CABAR.asia

Аталған заң бойынша авиакомпаниялардың мобильді нөмір мен электронды пошта арқылы жолаушыларды рейс мәртебесінің өзгеруі туралы, оның өзгеру себептері және рейстің өзгерген уақыты туралы немесе жаңа маршрут туралы, сондай-ақ рейс мәртебесінің өзгеруіне байланысты авиакомпаниялар ұсынатын қызметтер тізбесі туралы уақтылы хабардар етуді міндеттейтін нормалар көзделіп отыр. 

Жолаушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында жолаушыны межелі пунктке уақтылы жеткізбегені үшін жіберілген әр сағат үшін тариф (мерзімі өткен ұшу учаскесінің тарифі) құнының 3% мөлшерінде тасымалдаушы компанияларға айыппұл салу қарастырылған.

Сонымен қатар заңда әуе тасымалдаушылардың да мүддесі ескерілген. Айталық, компанияларға "жолаушылардың қара тізімін" жасауға рұқсат етіледі. Яғни, әуе көлігі арқылы жүруге шектеу қойылған адамдардың тізімі жасалмақ. Демек осы тізімге енгізілген жолаушы рейске жіберілмейді. Бұған қоса жолаушы әуе кемесінің бортында құқық бұзушылық жасаған жағдайда тиісті заңға сәйкес әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енген кезде немесе осы бұзушылығы үшін айыптау үкімі негізінде бір жыл мерзімге дейін аталған тізімге енгізілуі мүмкін.

Бұдан бөлек осы реформа ұлттық заңнаманы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен шетелдің озық тәжірибесімен одан әрі үйлестіруге бағытталған.

Атап айтқанда, азаматтық авиация қызметіне әуедегі оқиғалар мен инциденттер туралы деректерді ұсыну жүйесі арқылы авиациялық персоналдың еңбек құқықтарын қорғау тетігін көздейтін "әділетті мәдениет" қағидаты енгізіледі. Сондай-ақ азаматтық авиация ұйымының бірінші басшысының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі, сол секілді белгілі бір санаттағы әуеайлақтарды сертификаттау үшін жауапкершілігі қарастырылады. Бұған дейін бұл талап әуеайлақтардың барлық санатына қолданылып келді.

Осы ретте ашық теңіздің аймағындағы немесе дербестігі белгісіз әуе кеңістігінде де әуе қозғалысының қызметін реттеу мәселелері шешілетінін айта кетейік. Бұдан басқа авиациялық инспекторлар өз қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде орындамаса, жауапқа тарту мәселелері қарастырылып, ұшқышсыз басқарылатын әуе жүйелеріне байланысты сертификаттау тәртібі енгізіледі. Мысалы, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын пайдалану процесін реттеу жөніндегі норманы енгізу қашықтан сәйкестендіруге қойылатын талаптарды белгілеп, оларды пайдалануға арналған аймақтарды айқындауға ықпал етеді. Сондай-ақ "ұшқышсыз авиациялық жүйе" және "ұшқышсыз әуе кемесі" ұғымдары енгізіледі.

Тұтастай алғанда, енгізілетін өзгерістер авиация қызметінде мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігін арттырып, азаматтық авиация субъектілері үшін кейбір аспектілерді нақтылап, халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге жол ашады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу