Әуежайға такси тарифі көрсетілген ақпарат қойылды

422

Алматы әуежайында такси тарифтері бекітілді.

Әуежайға такси тарифі көрсетілген ақпарат қойылды Фото: Ашық дереккөзден

Бұдан былай шетелдік туристерді жетектеп жеке көлігіне отырғызып, ойдағы бағаны айтатындарға осылайша тосқауыл қойылмақ., деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Енді ең қымбат сапардың құны 12 мың теңгеден аспауы тиіс. Ал ақшаға құнығып, қонақтарды арбайтын жүргізушілерге қандай жаза қолданылады?

Саптай тізілген полицейлер Алматы әуежайы маңындағы тәртіпті дәл осылай қадағалап тұр. Туристерге қатысты көптеген келеңсіз жағдай болғаннан кейін, мұнда мәселеге шындап кіріскендері байқалады. Әуежайда такси тарифтері көрсетілген арнайы ақпараттық тақта пайда болды. Оны орнатудағы басты мақсат  шетелдік туристерге такси құнының шегін көрсету. Ақпаратты анық білетін қонақтар әккі жүргізушілерге алданып қалмайды,- дейді мамандар.

"Ол жерде отандық 3 такси сервисінің кюар кодтары. Сол арқылы біздің халықаралық, шетелден келген туристеріміз келіп оны жүктей алады. Одан кейін 2 шетелдік көршілес елдердің такси қызметтері қазіргі уақытта нарықта белгілі болып отырған. Мәселен, "Шымбұлақ" болсын, басқа да обьектілер болсын соларға баратын шамамен жол жүру бағасы қанша болады сол көрсетілген. Ақпарат қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде көрсетілген", - деді "Атамекен" ҚР ҰКП Алматы қаласы бойынша директорының орынбасары Әлішер Тұрсын.

Таксидің құны көліктің санатына қарай бағаланады. Егер турист әуежайдан қымбат көлікпен әуежайдан "Шымбұлаққа" баруды қаласа, онда максималды баға 12000 теңге. Ал арзаны 1200 теңге болмақ. Такси құны бұл сомадан асатын болса, тәртіп сақшылары мәселені май шаммен қараймыз,- деп отыр. Жыл басынан бері әуежай маңында халыққа тиіскені үшін 36 адамды, ал заңсыз такси қызметін көрсеткен 34 адамды әкімшілік жазаға тартқан.

"Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Барлығымыз біріксек, мәселені түбегейлі шешуге болады. Тәртіп сақшылары тарапынан жұмыс барынша күшейтілді. Алматы қаласы полиция департаментімен бірқатар меморандумға қол қойылды. Алматы әуежайы маңында туристік полиция бекеті бар. Олар шетелдік туристерге түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Тіл түсінбеген қонақтарды әуежай қызметкерлері таксиге отырғызып жібере алады", - деді Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің басшысы Руслан Қозыбақов.        

Еске сала кетейік, мамыр айында айлакер такси жүргізушісінің құрығына үндістер іліккен. Ол туристерді Алматы әуежайынан қонақүйге дейін бастапқыда 1 мың теңгеге апарамын,- деп алдап, артынша 800 АҚШ долларын қалтаға басқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу