"Әуежайлардың жартысы шұғыл жөндеуді қажет етеді": Депутат авиация саласындағы проблемаларды айтты

161

Сенат депутаты Сүйіндік Алдашев әуе билеттерінің бағасы қымбат болу себептерін атап, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz  сайты.

"Әуежайлардың жартысы шұғыл жөндеуді қажет етеді": Депутат авиация саласындағы проблемаларды айтты Фото: Сенат

Халық қалаулысының сөзінше, сәуір айының басында Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелері дөңгелек үстел отырысын өткізіп, саладағы негізгі мәселелерді талқылады. Біріншіден, бұл авиациялық отынның жетіспеушілігі. Отандық мұнай өңдеу зауыттары өсіп келе жатқан сұранысты жаба алмайды және айырмашылықты импорттан алуға тура келеді. Қазірдің өзінде отын тапшылығы шамамен 237 мың тонна. 2030 жылға қарай бұл тапшылық 550 мың тоннаға жетуі мүмкін.

Сондай-ақ, ел тұрғындарын әуе билеттерінің бағасы да алаңдатып отыр. Оның айтуынша, билет құнының құрылымында 36,5 пайызы авиациялық отынға жұмсалатын шығынды құрайды. Техникалық қызмет көрсету  14,9%, әуежайға қызмет көрсету  10,7% және жолаушыларға қызмет көрсету  6,1%. Сонымен қатар, жанармай нарығына ешкім кіре алмайды, ашық емес.

"Авиаотынды сатудан түскен кіріс әуежайлардағы кірістің негізгі бөлігін құрайды. Басқа ойыншылардың осы инфрақұрылымға қол жеткізуіне мүдделі емес әуежайлар бар, бұл авиакомпаниялар үшін отынның жоғары құнының себебі саналады және нәтижесінде әуе билеттерінің құнына әсер етеді. Өкінішке қарай, бүгінде авиаотынды сатудың және оның бағасын белгілеудің ашық тетігі жоқ, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бұл мәселені реттеуге бірыңғай көзқарасы жоқ",  деді Сүйіндік Алдашев Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.

Сенатор әуежайларды дамытуға жүйелі көзқарастың жоқтығына да тоқталды. Олардың көпшілігі жергілікті бюджеттерден қаржыландырылады және шығынға ұшырайды. Инфрақұрылым тозған, жабдық ескірген әрі әуежайлардың жартысы шұғыл жөндеуді қажет етеді.

"Отандық азаматтық авиацияны басқарудың тиімді оңтайлы үлгісін әзірлеуді ұсынамыз. Отандық мұнай өңдеу зауыттарында өндірісті ұлғайту мәселесін шешу керек. Авиакомпанияны авиаотынмен қамтамасыз ету жөнінде бірыңғай жүйелі тәсілдер әзірленуі тиіс. Әуежайлар бейінді емес қызмет түрлерін қоспағанда, негізгі қызмет түріне назар аударуы керек. Осы саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жұмысты жандандыру, әуежайлардың қызметіне инвесторларды тарту жөніндегі оңтайлы тетіктерді әзірлеу қажет", – деп қорытындылады депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу