Астана халықаралық әуежайы 30 қазанда Аустралиядан келген ерекше әуе рейсін қабылдады. Qatar Airways Cargo әуе компаниясының Boeing 777F жүк ұшағымен Қазақстанға дорпер тұқымды 1100 қой жеткізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
1100 бас қойды "Ерейментау Астық-2014" атты компания мал шаруашылығын дамыту үшін "Береке" атты жеңіл несие бойынша Аустралиядан алдырған.
Тасымалдау үшін алыс қашықтыққа жүк тасымалдауға арналған кең фюзеляжды Boeing 777F жүк ұшағы пайдаланылды.
Әуежай баспасөз қызметінің хабарлауынша, тірі жануарларды әуе көлігімен тасымалдау кезінде арнайы ветеринариялық және санитариялық талаптарды сақтау, сондай-ақ бүкіл ұшу барысында жануарларға тиісті жағдай жасау қажет.
Кәсіпорын барлығы 4 мың бас ұсақ мал сатып алуды жоспарлап отыр.
Дорпер тұқымының ерекшелігі неде?
Дорпер – ХХ ғасырдың бірінші жартысында Оңтүстік Африка Республикасында шығарылған етті бағыттағы қой тұқымы.
Бұл қойлар ет өндіру мақсатында өсіріледі. Тұқым тез салмақ қосуымен, төзімділігімен және әртүрлі климаттық жағдайларға бейімделу қабілетімен ерекшеленеді.
Дорпер қойларының басты ерекшелігі – қысқа жүн жабынының табиғи түрде түлеуі. Сондықтан оларды әдетте тұрақты түрде қырқудың қажеті жоқ. Ересек қошқарлардың салмағы 90-120 келіге, ал саулықтардың салмағы 60-80 келіге дейін жетеді.
Қазақстанда бұл тұқымды Шығыс Қазақстан облысын қоса алғанда, жекелеген фермерлік шаруашылықтар өсіріп келеді.