"Ауыл аманаты". Үкімет тағы бір жобаны іске қосатын болды

938

Қазақстанда Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында "Ауыл аманаты" қосалқы бағдарламасы іске қосылды. Бұл жаңалықты премьер-министрдің баспасөз қызметінен хабарлады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Ауыл аманаты". Үкімет тағы бір жобаны іске қосатын болды

Пилоттық жоба Жамбыл облысында тәжірибеден сәтті өткенге ұқсайды.

"Пилоттық жоба өзінің тиімділігін дәлелдеді. Ол жұмыспен қамту, табыс табудың жаңа мүмкіндіктерімен қатар өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін де шешеді", — дейді үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов. 

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов пилоттық жобаны іске асырудың аралық қорытындылары туралы баяндады. Жобаға 2 478 тұрғын қатысып, несие алған, сондай-ақ 25 елді мекеннен 11 жаңа ауыл шаруашылығы кооперативі іске қосылды – бұл облыстың 10 ауданында 11 пилоттық ауылдық округтің қызметі.

Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу.

"Пилоттық жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру нәтижесінде әрбір отбасының табысы орта есеппен 4 есеге артты. Жеке кәсіпкерлер саны 2282-ге өсті. 589 жаңа жұмыс орны құрылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 65%-ға, жұмыссыздар саны 36%-ға азайды. Біздің есептеуіміз бойынша, жобаны іске асырудың бес жылында экономикалық тиімділік 14,9 млрд теңгені құрайды", – деді Нұржан Нұржігітов. 

Вице-Премьер Жамбыл облысының оң тәжірибесін елдің өзге аймақтарына кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

"Ол үшін әрбір азамат ортақ іске елеулі үлес қосуы қажет. Ең бастысы кез-келген ауыл тұрғынына қолжетімді етіп, жобаларды шағын инвестициялармен жүзеге асыруға мүмкіндік беру. Осындай жобалар арқылы біз ауыл халқының табысын арттырамыз. Бұл жобаны "Ауыл аманаты" деп атауды ұсынамыз", – деді Ералы Тоғжанов.

"Ауыл аманаты" қосалқы бағдарламасы халықтың табысын арттыру бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын болады.

Мұндағы аманат сөзі бір жағынан "Аманат" партиясына қатысы барға ұқсайды.

"Amanat" партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев өз сөзінде жобада көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін жақын арада партия жанынан арнайы жобалық кеңсе құрылатынын атап өтті. Алдымен ауылдағы әрбір үй бойынша статистикалық деректер жиналады. Әрбір елді мекеннің географиялық ерекшеліктері, жер мәселелері, сумен қамтамасыз ету, еңбек және қаржы ресурстары ескеріледі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу