Ауыл мектептерінде аграрлық пән міндетті болуы мүмкін

314

Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласындағы маман тапшылығын азайту мақсатында мектептерде аграрлық бағыттағы білім беруді міндетті пән ретінде енгізу ұсынылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ауыл мектептерінде аграрлық пән міндетті болуы мүмкін Фото: ЖИ

Бастама ауыл оқушыларын ерте жастан кәсіпке баулып, еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлауды көздейді.

Бұл мәселе Қазақстан Халық Кеңесінің Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитеті жанындағы жұмыс тобының отырысында талқыланды. Жиында агроөнеркәсіптік кешенді білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық өзгерістер мен агросыныптардың жұмыс істеу тетіктері қаралды.

Отырысқа мемлекеттік органдардың, салалық министрліктердің, өңірлік әкімдіктердің және аграрлық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева ауыл жастарын ерте кәсіптік бағдарлау бастамасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында көтерілгенін айтты. Оның сөзінше, бұл мәселе Кеңес мүшелерінің Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарымен өткізген кездесулерінде де талқыланған.

Қазіргі уақытта 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында 10–11-сынып оқушыларына арналған агросыныптар ашылып жатыр.

Пилоттық жоба әзірге үш өңірде жүзеге асуда. Ақмола облысының үш мектебінде жеті агросынып жұмыс істейді. Қостанай облысының алты мектебінде агросыныптар мен агростудиялар құрылған. Ал Солтүстік Қазақстан облысында жоба жеті ауданды қамтиды.

Алайда жиынға қатысушылардың пікірінше, қазіргі факультативтік сабақтар, курстар мен дуальды білім беру тетіктері кадр тапшылығын толық шешуге жеткіліксіз. Сондықтан аграрлық білім беруді заңнамалық тұрғыдан бекітіп, оны мектеп бағдарламасындағы міндетті пәндердің қатарына қосу ұсынылды.

Бастама авторлары мұндай өзгеріс оқушылардың ауыл шаруашылығына деген қызығушылығын арттырып, болашақ мамандығын ертерек таңдауына мүмкіндік береді деп санайды.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, "Зенченко и К" серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченко жобаның негізгі мақсаты – ауыл оқушыларына жалпы біліммен қатар практикалық дағдылар мен еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби құзыреттерді үйрету екенін атап өтті.

Оның айтуынша, балаларды жастайынан еңбекке баулу олардың жауапкершілігін арттырып, қоғамға қажетті мамандықтардың маңызын түсінуге көмектеседі.

Жиында оқушылардың жергілікті кәсіпорындарда еңбек етуіне мүмкіндік беретін заңнамалық тетіктер де талқыланды. Бұл ретте балалардың жас ерекшеліктері мен еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігі айтылды.

Ауыл тұрғындары да ұрпақ сабақтастығын қалыптастырып, балаларды ерте жастан еңбекке баулу бастамасын қолдайтынын жеткізген. Қатысушылар ауыл шаруашылығы өндірісімен танысқан жастардың туған жерінде қалып, өңірдің дамуына үлес қосуға деген ынтасы артуы мүмкін екенін атап өтті.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов аграрлық кәсіпорындар мен жұмыс берушілерді оқушыларды кәсіби даярлау жұмысына тарту мәселесіне тоқталды. Ол практикалық оқыту нәтижесінде тиісті құжаттар беріп, жұмысшы біліктіліктерін тағайындау тәртібін нормативтік тұрғыдан бекітуді ұсынды.

Сонымен қатар агросынып түлектеріне бейінді жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер қарастыру мәселесі көтерілді. Оқушыларға "Автоіс" бағыты бойынша екі жылдық курстан өтіп, емтихан тапсырғаннан кейін жүргізуші куәлігін және ауыл шаруашылығы техникасын басқару құқығын алу мүмкіндігін беру ұсынылды.

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова агросыныптардағы кәсіби даярлықты колледждер базасында, жоғары оқу орындары және бизнес өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ бұл жұмысқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін тарту қажеттігін айтты.

Оның мәліметінше, мұндай тәжірибе бұған дейін де қолданылған. Өткен жылы 2 мыңға жуық мектеп оқушысы негізгі білім алуымен қатар колледждерде жұмысшы мамандықтарын меңгерген. Соның нәтижесінде олар мектепті орта білім туралы аттестатпен және кәсіптік білім дипломымен аяқтаған.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова агросынып түлектерінің аграрлық жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы шараларды таныстырды. Оның ішінде арнайы қабылдау шарттары мен мемлекеттік білім беру гранттары бойынша мақсатты квоталар қарастырылған.

Ал Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы сұранысқа ие мамандықтарды анықтау және өндірістік тәжірибені ұйымдастыру кезінде агроөнеркәсіптік кешеннің нақты қажеттіліктерін ескеру керектігін жеткізді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Елдар Күзенбаев та жұмысшы кадрларға сұранысты ескеріп, ауыл жастарын кәсіби даярлау мен оларды жұмыспен қамту мәселелеріне назар аударды.

Жиын қорытындысында Ләззат Шыңғысбаева агросыныптар аграрлық мамандықтардың беделін арттырып, ауыл шаруашылығын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге және ауылдық аумақтарды дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Осы бағыттағы жұмысты үйлестіру үшін оның жетекшілігімен ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Оның құрамына Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, салалық министрліктердің вице-министрлері, өңір әкімдері мен олардың орынбасарлары кіреді.

Жұмыс тобы агросыныптардың қызметін реттейтін бірыңғай тетік әзірлеп, тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды дайындайды. Құжатта өңірлердің ерекшеліктері мен тұрғындардың сұраныстары ескеріліп, кейін қарау үшін Құрылтайға ұсынылады.

Жиында көтерілген басқа да ұсыныстар мемлекеттік органдар мен сарапшылардың алдағы бірлескен жұмысына негіз болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу