Ауыл шаруашылығы жерлерін кім жалдап отырғанын көруіміз керек – Мұхтар Тайжан

1160

Жер кадастрын ашып, Қазақстан азаматтығын алу талабын күшейту қажет. Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан осындай бастама көтерді, деп хабарлайды іnbusiness.kz тілшісі.

Ауыл шаруашылығы жерлерін кім жалдап отырғанын көруіміз керек – Мұхтар Тайжан

"Біз Президенттің ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салу туралы тапсырмасын орындауымыз керек. Ол үшін мен заңда былай жазуды ұсынамын: Жер ҚР резиденттеріне, яғни жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға беріледі. Құрылтайшылар мен қатысушылар құрамында да жеке тұлғалар ҚР азаматтары болуы керек. Бұл ұсынысты айтқан себебім, кез келген нотариус қандай да бір ЖШС құрамындағы жеке тұлғалардың ҚР азаматтары екенін көргенде, мәмілелерді рәсімдеу оңай болады. Ал ЖШС мен заңды тұлғалардың құрамында шетелдіктердің үлесі бар ма, жоқ па тексеру мүмкін емес", – деді Мұхтар Тайжан.

Оның сөзінше, шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға жерді сатуға және жалға беруге тыйым салу үшін жер кадастрын ашу қажет. 

"Жер кадастрын ашпасақ, бұл мақсатқа қол жеткізе алмаймыз. Яғни мемлекет меншігі болып саналатын ауыл шаруашылығы жерлерін кім жалдап отырғанын көруіміз керек. Бұл ақпарат ашық болуға тиіс. Бұл жерде "Жеке деректер туралы" заң бұзылмайды, себебі ауыл шаруашылығы жерлерінің 99%-дан астамы – мемлекет меншігі. Жалға алушылардың аты немесе заңды тұлға атауы ашық бола береді", – деді Мұхтар Тайжан.

Бұған қоса ол Қазақстан азаматтығын алу талабын күшейту қажет екенін айтты.
"Әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, қандай да бір елдің азаматтығын алу үшін адамдар ең кемі 5 жыл кезекке тұрып, сол елдің тілі мен тарихы бойынша сынақ тапсыруы керек. Яғни осы елге ниеттестігін білдіруі керек және ел ішінде заңбұзушылық жасамауы керек", - деді Мұхтар Тайжан.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу