Ауыл шаруашылығы жерлерін конкурс арқылы берудің тәртібі өзгерді

1500

Ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді пайдаланылуын мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында 2019 жылы жер кодексіне жерді қашықтықтан зондтау деректерін пайдалану жөнінде өзгерістер енгізілді.

Ауыл шаруашылығы жерлерін конкурс арқылы берудің тәртібі өзгерді

Бұл туралы жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты деп хабарлайды inbusiness.kz  тілшісі.

Министрдің мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану үшін шекара маңындағы аймақта ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған азаматтарға беруге тыйым салынған. Халықтың жеке малын елдімекендердің маңында күтіп-бағу мұқтаждықтары мемлекет мұқтаждығы санатына жатқызылып, жерді мәжбүрлеп алып қоюға заңнамалық негіз берілген. 

"Ұқыпсыз жер пайдаланушыларды пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінен өз еркімен бас тартуға экономикалық тұрғыдан мәжбүрлеу мақсатында 2020 жылғы желтоқсанда салық кодексіне пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне арналған салық мөлшерлемесін 10 еседен 20 есеге дейін ұлғайтуды көздейтін түзету қабылданды. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша заң жобасы әзірленіп, онда пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру кезеңдері мен алып қою мерзімін 3 жылдан 1 жылға дейін қысқартылды. Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры аясында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру жөніндегі заң жобасы әзірленіп, мәжіліске енгізілді. Аталған заң жобасы мақсаты жер учаскелерін беру рәсімдерін біріздендіруді, өтінімдерді қарау мерзімдері мен барысын бақылауды, қағазсыз қызмет көрсетуді, жер комиссиясы институтын алып тастауды, жер учаскесінің бөлінуін мемлекеттік органдармен, монополист ұйымдармен келісуді электрондық форматта жүргізуді көздейді", – деді Сапархан Омаров. 

Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы жерлерін конкурс арқылы берудің тәртібі өзгерді. 

"Конкурстық комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін оның құрамына заңнамалық түрде комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде 50% мөлшерінде қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің өкілдері енгізілді. Жер пайдаланушылардың міндеттері мен жауапкершілігін күшейте отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін жалдаудың бірыңғай үлгілік шарты заңнамалық түрде белгіленді. Бекітілген үлгілік шартқа сәйкес ауыл шаруашылығы жерлерінің ұтымды пайдаланылуына мониторинг жүргізу тәртібі заңнамалық түрде белгіленді. Мәселен, мониторинг жалға алудың алғашқы 5 жылында жыл сайын, ал келесі кезеңдерде суармалы егістікте 3 жыл сайын жүзеге асырылады", – деді Сапархан Омаров. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу