Осы орайда, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін оларға тиісті жағдай жасау қажет екенін еске салды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Соңғы жылдары ауыл шаруашылығына қатысты "аттары бөлек, бірақ заттары бірдей" бағдарламалар тым көп болып кеткен сияқты.
Мәселен, қазірдің өзінде "Ауыл аманаты", "Ауыл – ел бесігі", "Кең дала", "Береке", "Жайлау", "Игілік", "Сыбаға" және тағы басқа бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Әрине, әр жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жазылады.
Бірақ сол жұмыстың бәрі қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Меніңше, бұл – заңды сұрақ. Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек.
Сондықтан Үкімет ауыл мен аграрлық секторды қолдау үшін дайындалған осындай құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуге тиіс.
Әр бағдарламаның өз мақсаты мен міндеті болуы қажет. Ең бастысы, бұл жұмыс шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі керек. Бұл мемлекет қаржысын үнемдеу қажеттілігіне тікелей байланысты мәселе, – деді Президент.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев биыл ел қамбасы астыққа толғаны үшін диқандарға алғыс айтқан еді.