Ауыл шаруашылығында субсидиялар қалай беріледі және берешек неден туындады

132

Министрлік кез келген ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші субсидия алуға өтінім бере алатынын мәлімдеді. 

Ауыл шаруашылығында субсидиялар қалай беріледі және берешек неден туындады Фото: Smart News

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде субсидия төлеу тетіктері мен аграрлық сала өкілдері алдындағы жинақталған берешек мәселесі кеңінен талқылануда, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Өтінім субсидиялау ережелеріне сәйкес болуы тиіс. Мысалы, инвестициялық субсидия алу үшін фермер өз шаруашылығын дамытуға инвестиция салуы қажет. Яғни, сүт-тауарлы ферма салған ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші жобаның белгіленген құн шегінен аспай, жұмсаған қаражатының 25%-ын қайтара алады.

Субсидиялау саясатын Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлейді, ал субсидияларды беру жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдіктердің құзыретіне жатады. Өтінімдер әкімдіктердің ауыл шаруашылығы басқармалары арқылы цифрлық жүйеде қабылданып, өңделеді. Барлық үдерістер автоматтандырылған және ашық жүргізіледі.

Облыстық бюджетті мәслихаттар бекітеді, ал субсидиялар дәл осы қаражат есебінен төленеді. 2023 жылдан бастап субсидиялауға арналған қаражат жалпы сипаттағы трансферттерге енгізілген, яғни, республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге беріледі.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтінімдері қаражат түсу тәртібі бойынша кезекпен қабылданады.

Субсидиялар бойынша берешектің қалыптасуы қажеттіліктің қолда бар қаражат көлемінен асып кетуіне байланысты болып отыр. Жыл сайын өткен кезеңдердің берешектері ағымдағы жылдың бюджеті есебінен өтеліп, қосымша қаражат бөлінеді.

Жыл басынан бері өңірлер барлық бағыттар бойынша берешектерді өтеуді жүзеге асыруда.

Мәселені жүйелі шешу үшін көктемгі дала және егін жинау жұмыстары мен айналым қаражатына берілетін кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тоқтатылып, оның орнына тікелей субсидиялау енгізілді. Яғни, фермерлер жеңілдетілген мөлшерлемемен кредит алады. Осының нәтижесінде бұл бағыттағы субсидия бойынша берешекке жол берілмейді.

Сондай-ақ субсидиялаудың басқа түрлері бойынша да жүйелі шаралар қабылдануда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу