Ауыл шаруашылық техникасын қабылдауға 5 мың квота бөлінді

1182

2022 жылдың 5-ші қаңтарынан бастап ауыл шаруашылық техникасын қабылдау қайта басталады. 

Ауыл шаруашылық техникасын қабылдауға 5 мың квота бөлінді

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен ҚР экология, геология және табиғи ресурстар Министрлігі тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникаларын кәдеге жаратуға қабылдау үшін 2022 жылы 5 мың квота бөліп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ауыл шаруашылық техникалары еліміздің 14 аймағында қабылданады. Атап айтқанда  Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе,  Орал, Семей, Өскемен, Павлодар,  Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Петропавл қаласында қабылдау бекеттері орналасқан.  

"2022 жылы электронды кезек екі уақытта ашылады. Қаңтардың 5-нен бастап 2021 жылы шаруа қожалықтарының жергілікті әкімдіктерге ұсынған тізімі бойынша ашылады. Әкімдіктердің тізімінде 1,5 мыңнан астам комбайн мен трактор бар. 
Аталған тізімдегі техникалар қабылданғаннан кейін жеке тұлғалар мен шаруа қожалықтары әкімдікке жүгінбей, еркін түрде электронды кезек тұра алады", – деп жазды "ӨКМ Операторы" баспасөз қызметі. 

Естеріңізге сала кетсек, тапсырылатын техника зауыттан шыққандағы салмағынан 50%-дан асатын болса толық жиынтыққа жатады. 
Айталық толық жиынтықтағы комбайнға 2 млн теңгеге жеңілдік сертификаты беріледі. Ал толық емес жиынтықтағы комбайнға берілетін сертификат құны 1,5 млн теңге. Сондай-ақ, толық жиынтықтағы тракторлар үшін жеңілдік сертификатының мөлшері 1 млн теңге, толық емес жиынтықтағы машиналарға (шынжыр табанды немесе дөңгелекті) 560 мың теңгенің сертификаты беріледі.

“Жеңілдік сертификатын Қазақстанда құрастырылған кез келген санаттағы көлікті сатып алған кезде қолдануға болады. Сонымен қатар ауыл шаруашлық техникасын сатып алатын жағдайда 4 сертификатқа дейін біріктіріп пайдалануға мүмкіндік бар. Өзге санаттағы көліктерді сатып алатын кезде 2 сертификатты қосуға болады. Сертификат берілген күннен бастап 12 айға жарамды”, – деп жазды "ӨКМ Операторы" баспасөз қызметі. 

2021 жылы ауыл шаруашылық техникасын қабылдауға барлығы 3380 квота бөлінген болатын. Оның 2480 трактор, 900 комбайн. Қабылданған ауыл шаруашылық техникалары Қостанай қаласындағы агро техникаларын өңдейтін кешенге жіберіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу