Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға биыл 100 млрд теңге қарастырылған

Бұл ауыл халқына 2,5 пайызбен 17 мыңнан астам жеңілдетілген шағын несие беруге және ауылда 18 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға биыл 100 млрд теңге қарастырылған Фото: google

Осы тақырып турасында Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты. 

"Бірқатар орта мерзімді іс-шаралар бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. "Ауыл аманаты" ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасын іске асыру басталды. Биылғы жылға 100 млрд теңге қарастырылған, бұл ауыл халқына 2,5 пайызбен 17 мыңнан астам жеңілдетілген шағын несие беруге және ауылда 18 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді", – деді министр. 

Шағын несиелеуден басқа, АӨК саласындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін кеңейту жоспарлануда. Осы бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджет қаражатынан 100 млрд теңге сомасында бюджеттік кредит бөлу мақұлданды. 

"Келешекте құс етін мен балық өндіру, қарқынды суару, сақтау қуаттылықтарын енгізу бойынша инвестициялық жобалар пулын арттыру жоспарлануда. 2024-2025 жылдарға қаржыландыруға қосымша қажеттілік 300 млрд теңгені құрайды.
 

Негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортты алмастыру мәселесі 2026 жылға дейін АӨК саласында жалпы сомасы 2,8 трлн теңгені құрайтын 900 инвестициялық жобаларды іске асыру жолымен кешенді түрде шешіледі", – деді министр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу