ҚР Ұлттық экономика министрлігі тиісті бұйрық жобасын әзірлеп, құжатты 20 тамызға дейін қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатқа сәйкес, мемлекеттік қолдау алушылардың тізімін кеңейту арқылы ауылдық жерлерге сұранысқа ие мамандарды тарту көзделіп отыр.
Қазақстанда ауылдық жерге көшетін IT мамандары мен архив ісі қызметкерлерін мемлекеттік әлеуметтік қолдау алушылар қатарына қосу ұсынылды.
Түсіндірме жазбада бұл өзгерістер цифрлық инфрақұрылымды дамытуға және архив қызметтерінің сапасын арттыруға қажетті білікті кадрларды ауылдық жерлерге тартуға мүмкіндік беретіні айтылған.
Сонымен қатар жоба мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларын алу мерзімдерін нақтылауды және төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсетуді уақытша тоқтата тұру тәртібін реттеуді көздейді.