Ауыз суды көлік жуу орындарында пайдаланған

232

Таразда көлік жуу кешендері, қоғамдық моншалар мен бассейндер ауыз суды техникалық мақсатта пайдаланып келген.  

Ауыз суды көлік жуу орындарында пайдаланған Фото: freepik.com

Заңсыз су пайдаланғандар нысан саны 300-ден асады. Айталық, облыс орталығындағы жалпы есептегі 137 моншаның тек екеуінде ғана су пайдалану туралы ресми рұқсаты болған.

Ал 146 көлік жуу орталығының 7-нің тиісті құжаты бар. Бұдан бөлек, 34 қоғамдық бассейннің бірде біреуі заңды жұмыс атқармаған, деп жазады inbusiness.kz сайты qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Салдарынан қазына қаржысына салық түсімдері түспеген. Тіршілік көзін түрлі мақсатта ысырып қылғандардың әрекетін былтыр құрылған облыстық табиғатты қорғау прокуратурасы анықтады.

Кәсіпкерлік нысандар ауыз су ретінде пайдаланылатын жер асты суын "Шу талас бассейні" инспекциясының рұқсатымен пайдалануы тиіс.

Алайда рұқсаты жоқ кәсіпкерлер "Жамбыл су" мекемесінің суын пайдаланған. Айта кетейік, орта есеппен бір монша жылына 11 мың мен 20 мың тонна аралығында су пайдаланады.

"Кәсіпкерлерге бірінші маусымға дейін уақыт берілді, бүкіл мынау ауыз су алуды заңдастыру жөнінде. Егер одан кейін заңдастырмаса онда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 41-ші бабына сәйкес, әкімшілік айыппұл салынады. Ол 40 АЕК 260 АЕК аралығында.", - деді Жамбыл облысы табиғатты қорғау прокуратурасының аға прокуроры Еркін Әлмаханов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу