Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Рамазан айының маңызы туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты мүфтияттың ресми сайтына сілтеме жасап.
"Рамазан айында мұсылман нәпсісін тыя отырып, аз ішіп-жеуге дағдыланады, түнін құлшылықпен жандандырып, тарауық пен тәһәжуд намаздарына көңіл бөледі. Сондай-ақ аузы берік жан артық сөзден сақтанып, сабыр мен ұстамдылыққа үйренеді. Сонымен қатар ауыз бекіту мен оны ашуға қатысты халқымыздың "сәресі" мен "ауызашар" деген төл атауларды қолдануы – қазақы болмысымызға тән құндылық", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы 24KZ телеарнасына берген сұхбатында.
ҚМДБ төрағасы бұрыннан бері "ифтар" емес, "сәресі" деген сөз қолданылғанын айтты.
"Біз бала кезімізден ораза ұстадық. Сол кезде "ифтар" деген сөзді білмедік. Сәресіне тұру – сауапты іс. Сәресін әжемізбен бірге ішу, әлі күнге дейін есімізден кетпейтін тары қосылған шай, сүт қатқан талқан – осылардың барлығын бізге кезінде әжелеріміз, аналарымыз үйреткен. Осы дүниені қазір жалғастыруды да қолға алып жатырмыз. Сондай-ақ ауызашар уақытын қазір "ифтар" деп кеткен ғой. "Ифтар" деген арабтың сөзі. Дегенмен біз өзіміз қазақшалап, жалпы халық түсінетін, құлағымызға жағымды сөздермен "ауызашар" деп атағанымыз әлдеқайда жақсы", – деді ҚМДБ басшысы.
Наурызбай қажы Тағанұлы ауызашардың да өз әдебі бар екенін жеткізді.
"Әр елде ауызашар әртүрлі болады. Біздің елдегі тәртіп ата-бабамыздан келе жатыр. Ауызашар уақытында азан айтылады. Біздің ата-бабаларымыз оны тыңдап алып, дұғасын, ауызашардың батасын жасап, Аллаға шүкір етіп ауыз ашады", – деді ол.